$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу университетті мемлекетке сыйлады

Фото: Sn.kz
Фото: Sn.kz

Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) негізін қалаушы Нұрасыл Медеу оқу орнын мемлекетке сыйлады. Бұл туралы ол университетте өткен салтанатты жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Нұрасыл Медеудің айтуынша, бұл қадам оқу орнының одан әрі дамуына, еліміздегі спорттық білім мен ғылымның өркендеуіне бағытталған. Ол мұндай шешім университет құрылған кезден бастап ойластырылғанын атап өтті.

«Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған сый», – деді ол.

Университет 2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде ашылған. Алғашқы жылы мұнда 150 студент оқыса, қазір білім алушылар саны бес мыңға жуықтаған. Осы уақыт ішінде оқу орны спорт саласына қажетті мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық әріптестікті дамыту бағытында бірқатар жобаны іске асырды.

Атап айтқанда, Халықаралық киберспорт федерациясымен бірлесіп киберспорт зертханасы, Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің қатысуымен Sport Media Lab зертханасы құрылды. RITA халықаралық жобасы аясында Құтқару спорты орталығы ашылды. Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ынтымақтастық негізінде Орталық Азияның білім беру хабы құрылды.

Сонымен қатар Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлескен Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы ашылды. Венгрияның Спорт және ғылым университетімен ынтымақтастық аясында спорттағы озық тәжірибе мен тұрақты даму орталығы құрылды. «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының қолдауымен Women in Sport Kazakhstan жобасы жүзеге асырылып келеді.

KNUS шетелдік оқу орындарымен қос диплом бағдарламаларын да дамытып жатыр. Eclore Business School-мен ынтымақтастық нәтижесінде алғашқы 20 магистрант қос диплом алды. Қазір Швеция, Оңтүстік Корея, Италия және Польша университеттерімен бірлескен бағдарламалар бойынша жұмыс жалғасуда.

Оқу орнында талантты жастарды қолдау үшін Life Chance Grant және Merit Grant гранттары қарастырылған. Merit Grant оқу ақысын толық өтейді. Ал Life Chance Grant оқу ақысынан бөлек ай сайынғы шәкіртақыны, тәлімгерлік қолдауды, жатақханада тұруды және шетелде білім алуды қаржыландыру мүмкіндігін қамтиды. Бағдарламалар шалғай ауылдардан келген талапкерлерге де білім алуға жол ашады.

Нұрасыл Медеу университет мемлекетке берілгеннен кейін де студенттер алдындағы міндеттемелер толық сақталатынын айтты. Оның сөзінше, бұған дейін тағайындалған құрылтайшы гранттарын студенттердің оқу мерзімі аяқталғанға дейін қаржыландыруға қажетті қаражат университет есепшотына орналастырылған. Бұл міндеттемелер заң жүзінде де бекітілмек.

Университет негізін қалаушының мәліметінше, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан атынан қатысқан KNUS-тың 17 студентінің 14-і жүлдегер атанған. Ол бұл көрсеткішті оқу орны қалыптастырған білім беру және жаттықтыру жүйесінің нәтижесі деп бағалады.

«Университет дегеніміз – ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Оның басты байлығы – білікті оқытушылар құрамы, бірегей білім беру бағдарламалары, дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісі және жүйелі тәрбие жұмысы», – деді Нұрасыл Медеу.

Салтанатты жиында университеттің дамуына үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлер Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ құрылтайшы гранттарының иегерлеріне сертификаттар табысталды.

«Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді университеттің негізін қалаушы.

Қазақ ұлттық спорт университетін мемлекетке сыйлау туралы жарияланған шешім оқу орнының дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы болмақ. Университет спорт саласына білікті мамандар даярлау, ғылыми ізденістерді кеңейту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыруды көздейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0