Алматы тұрғыны жаңбыр суын ағызуға арналған кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтініне шағымданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол әлеуметтік желіге жариялаған видеосында жауын жауған кезде судың жолдағы кәрізге ақпайтынын көрсеткен. Тұрғынның айтуынша, су ағатын жүйе болғанымен, одан пайда болмай тұр. Мәселеге қатысты Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы жауап беріп, Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі Саин көшесінің шығыс бөлігінде жол жабынына қосымша қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Басқарма бұл жұмыстарды 20 қазанға дейін аяқтауды жоспарлаған. Алайда тұрғын көтерген негізгі мәселе, яғни жаңбыр суының кәрізге неге ақпайтыны және оның қашан шешілетіні туралы нақты түсініктеме берілмеген.