$ 452.91 € 509.43 ₽ 5.53

Қазақстандықтардың депозиттері 30,6 трлн теңгеге жетті: Қор резерві жеткілікті ме?

Қазақстанның банк жүйесінде халықтың жинақ ақшасы тағы бір тарихи рекорды жаңартты.

Фото: www.invest-rating.ru
Фото: www.invest-rating.ru

2026 жылдың қыркүйек айының соңындағы ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанның депозитке кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ) қатысушы банктердегі жеке тұлғалардың депозиті 30,6 триллион теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 8,7 пайызға, ал жылдық салыстырмалы түрде 15,9 пайызға өскенін көрсетеді. Алайда банктердің несиелік саясаты мен тәуекелдерді басқару деңгейі әлі де күмән тудырып отырғанда, ірі банктердің бірі банкротқа ұшыраса немесе лицензиясынан айырылса, жиналған арнайы резерв халықтың ақшасын толық қайтаруға жете ме?

Сарапшылардың пікірінше, депозиттердің 15,9 пайызға жуық қарқынды өсуі бір жағынан азаматтардың жиған-тергенін банктерде сақтауға деген сенімінің артқанын көрсетсе, екінші жағынан елдегі инфляциялық күтулер мен жоғары пайыздық ставкалардың салдары болып табылады. Осы орайда ҚДКБҚ жинақтаған арнайы резерв 1,795 триллион теңгені құрап отыр. Бұл кепілдік берілген жалпы депозит көлемінің бары-жоғы 5,9 пайызына ғана тең. Қор бұл деңгейді бекітілген нормативтік 5 пайыздық межеден жоғары ұстап отырмыз дегенмен, егер нарықта екінші деңгейдегі ірі банктердің бірі күйрейтін болса, бұл сома барлық салымшылардың шығынын толық жабуға қаншалықты жетеді деген күмән сейілмейді.

Қордың қаржыландыру көздеріне талдау жасасақ, бұл жүйеге мемлекеттік бюджеттен бірде-бір теңге бөлінбейтіні белгілі. Қордың арнайы резерві негізінен екі арнадан құралады: банктердің міндетті жарналары, бұл 0,7 триллион теңгені құрайды, және инвестициялық қызметтен түскен кіріс, оның көлемі 1,1 триллион теңгеге жеткен. Осылайша инвестициялық табыстың банктер жарнасына қатысы 5 те 3 қатынысында сақталып отыр. Ал инвестициялық портфельдің ішкі құрылымына үңілсек, қаражаттың 74 пайызы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың облигацияларына, 14 пайызы ақша нарығының құралдарына, 9 пайызы валюталық құралдарға, оның ішінде АҚШ қазынашылық облигацияларына, ал қалған 3 пайызы халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларына орналастырылған. Бұл жүйенің сыртқы дефолттардан белгілі бір дәрежеде қорғалғанын көрсеткенімен, ішкі қаржылық шайқалулар кезінде мемлекеттік қағаздардың өтімділігі мен құны тез төмендеуі мүмкін деген қауіп бар.

Заңнама бойынша Қазақстан Республикасындағы депозиттерді кепілдендіру лимиттері айқын бекітілген. Ұлттық валютадағы жинақ депозиттері бойынша ең жоғары кепілдік берілетін сома 20 миллион теңгеге дейін жетеді. Теңгедегі мерзімді және мерзімсіз салымдар, карточкалар мен банк шоттары бойынша кепілдік лимиті 10 миллион теңгені құраса, шетел валютасындағы депозиттер мен шоттар бойынша бұл сома 5 миллион теңге баламасымен шектеледі.

Ауыр сценарий орын алса, қор өкілдері төлем мерзімін заңда көрсетілген 35 күннен 6-8 күнге дейін қысқартуға уәде береді. Әрі төлемнің 90 пайызы алғашқы 3-4 айда төленеді деп жоспарланған. Алайда жүйедегі ең үлкен қауіп — бір мезетте бірнеше банкте немесе ірі жүйе құраушы банкте проблема туындау қаупі. Ондай жағдайда қор резерві жетпей, қосымша тетіктерді, соның ішінде банктердің төтенше жарналарын жинауды немесе активтер мен міндеттемелерді сау банкке беріп, салымшыларды аман алып қалатын P&A операциясын іске қосуға мәжбүр болады. Ал мұндай күрделі операциялар іс жүзінде салымшылар үшін уақыттың созылуына және белгілі бір деңгейде белгісіздікке алып келуі ықтимал.

Қорытындылай келе, депозиттер көлемінің 30,6 трлн теңгеге жетуі — банк жүйесінің сыртқы салмағын көрсеткенімен, ішкі тәуекелдердің де салмақтана түскенін білдіреді. Кепілдік қорының дайындығы қағаз жүзінде бекем көрінгенімен, нақты дағдарыс сәтінде салымшылардың тыныш ұйқысы банк сектордағы ашықтық пен реттеуші органның дер кезіндегі қатаң бақылауына тікелей байланысты болып қала береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0