$ 444.3 € 490.91 ₽ 5.41

Ми жұмыстан қиналмайды, ол жұмысты бастаудан қиналады - Әбдірашит Түлкібай (ВИДЕО)

Маманның айтуынша, кәсібі өрге басқан кейбір адамдар жұмыс қарқынына ілесе алмай шаршап, кейін дағдарысқа түсіп кетеді.

Кәсібі дөңгелеп, жұмысы қарқынды жүріп кеткен адамдардың да дағдарысқа ұшырайтын кездері болады. Мидың қызметі мен оның заман ағымына байланысты өзгерістерін зерттеп жүрген Әбдірашит Түлкібай өз мақсатына жеткеннен кейін күйзеліске түсіп жүрген адамдардың жиі кездесетінін айтады.

Зерттеуші бұл туралы Qasqa Jol / «Қасқа жол» YouTube арнасына берген сұхбатында қоғамдағы өзгеше құбылысқа назар аударды, деп жазады Sn.kz ақпараттық порталы.

Маманның айтуынша, кәсібі өрге басқан кейбір адамдар жұмыс қарқынына ілесе алмай шаршап, кейін дағдарысқа түсіп кетеді.

«Ми жұмыстан қиналмайды, ол жұмысты бастаудан қиналады. Сондықтан біз миды тек жұмысты бастауға үйретуіміз керек. Ми қалай жұмыс істейді, ол неден қиналады деген мәселелерге зерттеу жүргіземіз.

Кей адамдар отбасын, бала-шағасын асыраймын, табыс табамын деп мақсат қояды да, оған ерте жетіп алады. Арманы орындалған соң, не істерін білмей, шаршап жатады. Кейбірі бизнестің жылдамдығына ілесе алмай, күйзеліске түсіп кетеді.

Кәсіпке командаң да, өзің де дайын болмасаң, жүйке шыдамайды. Мойныңа артылған жүкті көтере білу керек, ол оңай емес. Жұмыстың тым көптігі немесе кәсіптің тоқтаусыз жүруі де миға зиян», — деді зерттеуші.

Оның сөзінше, қазақ қоғамында күйзеліске түскен адамдар аз емес. Сырт көзге қарағанда олардың өмірі қалыпты, жағдайы жақсы, бәрі бар сияқты көрінуі мүмкін. Алайда адамның миында тыныштық болмаса, бұл жүйкені тоздырады.

Зерттеуші кәсіпкерлер мен серіктестер арасында түсініспеушілік пен жанжалдың да көбейіп отырғанын айтты.

«Бұрынғы реніштерінен толық айыға алмаған адамдар да бар. Адам өзін ренжіткен жанды кешірдім, ұмыттым деп санайды. Шындығында, ол реніштен толық арылмаған болуы мүмкін. Оның істеп жатқан әрекеттері мен жұмысы сол ренішке қарсы жасалған кек секілді болады. Бұл да айналып келгенде адамды күйзеліске түсіреді.

Кейсті алсақ, адам өзінің бойына сіңірген салты мен құндылықтарына сай өмір сүреді және сол деңгейде жұмыс істейді. Табысы да оның құндылықтарына қарай дамиды. Кәсіпте бір-бірімен тартыспайтын адамдар да аз емес. Белгілі бір деңгейге жеткенде олардың арасында түсініспеушілік туындап, бұл бизнестегі күйзеліске әкеліп жатады», — деді Әбдірашит Түлкібай.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0