Қазақстанда жүзеге асыру жоспарланған 200 өнеркәсіп жобасының 75-і әлі аяқталмаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінге дейін 125 жоба іске асырылған, ал қалғандары аяқталу сатысында тұр. Кейбір нысандарда жабдықтарды іске қосу және реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда вице-министр қалған 75 жобаның нақты қашан толық іске қосылатынын айтпады. Сондай-ақ олардың қаншасы өндірісті бастап, нақты өнім шығарып жатқаны туралы мәлімет келтірмеді. Сапарбеков бұл жобалардың негізгі мақсаты ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу екенін жеткізді. Ал кейбір өндіріс орындарының өнімін шетелге экспорттау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Министрлік экспортқа бағытталған жобаларды да қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен халық үшін басты сұрақ ашық күйінде қалды: жоспарланған 200 жобаның барлығы қашан іске қосылып, ел экономикасына нақты пайда әкеле бастайды?