Алайда жағдай ушығып, ер адамдар арасында жанжал туындаған.
Қызылордада екі қызға араша түскен жас жігіт пышақ жарақатын алып, ауруханаға түсті. Оқиғаға қатысты күдікті ұсталып, қамауға алынған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға 20 қараша күні кешке Құлагер шағынауданында болған. 1984 жылы туған ер адам қоғамдық тамақтану орнынан мас күйінде шығып, екі қызға тиісіп, мазасын алған. Сол кезде Нұралла есімді жас жігіт қыздарды қорғауға араласқан.
Алайда жағдай ушығып, ер адамдар арасында жанжал туындаған. Ақыры 42 жастағы азамат Нұраллаға пышақ жарақатын салғаны туралы ақпарат тарады.
Жарақат алған жігіт ауруханаға жеткізіліп, қазір ем қабылдап жатыр. Оның есін жиғаны белгілі болды.
Шұғыла шағынауданының тұрғындары күдіктінің бұған дейін де көшеде адамдармен жанжалдасып жүргенін айтқан.
Полиция мәліметінше, күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сот санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық істің барысын облыстық полиция департаменті бақылауына алған.