Астанада бұрынғы саяжай аумағындағы үйлерін сүруге қарсы және жер телімдері үшін берілетін өтемақы мөлшеріне көңілдері толмайтын бес әйел аштық акциясын тоқтатты, деп хабарлайды Азаттық.
Әйелдер олардың жақтастары таратқан үндеуде: «Барлық мемлекеттік органдардың біздің аштық акциямыз бен талаптарымызды елемеуіне, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің медициналық бақылау жасаудан бас тартуына, денсаулығымыздың нашарлап, өмірімізге қауіп төне бастауына және «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымының қолдауына байланысты 26 тамыздан бастап аштықты тоқтатуды ұйғардық. Аштықты өз бетімізше тоқтатамыз және мәселелеріміз Қазақстан конституциясына сай шешілмеген жағдайда кез-келген уақытта акцияны қайта жалғастыруға құқығымыз бар» деп жазылған.
Наразылық акциясына қатысушы Сандуғаш Серікбаеваның айтуынша, әйелдер біртіндеп аштықты тоқтата бастаған. Олар әзірге тек су іше алады.
— Біз қайта әл жинаған соң күресті жалғастырамыз. Бірақ мен енді аштық ұстай алмаймын. Бұл негізі қиын нәрсе екен, — деді көп балалы ана, бесінші баласына аяғы ауыр Сандуғаш Серікбаева.
Еске сала кетсек, әйелдер аштықты 6 тамызда бастаған. Олар өздерін әлеуметтік жағдайы нашар топқа жатқызады және» мемлекет қажеті үшін» алынбақ жерлері мен ондағы үйлерін жалғыз баспанамыз дейді.