27.11.2026, 22:30

«Қазатомөнеркәсіптің» екі басшысы екі айға қамауға алынды

Фото: Sputnik

ҰҚК мәліметінше, күдіктілерді қамауда ұстау туралы шешім тағылған айыптардың ауырлығына байланысты қабылданған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының екі топ-менеджеріне қатысты қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғанын хабарлады. Олар тергеу сотының санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

26 қарашада компанияның өндіріс жөніндегі бұрынғы бас директоры Қуаныш Омарбеков пен департаменттің бас менеджері Е. Байқұлов уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ҰҚК мәліметінше, күдіктілерді қамауда ұстау туралы шешім тағылған айыптардың ауырлығына байланысты қабылданған. Сонымен қатар бұл шара тергеуге кедергі келтіру, ықтимал сыбайластар мен куәгерлерге қысым көрсету, дәлелдемелерді немесе қылмыстық жолмен алынған мүлікті жасыру қаупінің алдын алу үшін қажет болған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында барлық мән-жайды анықтау мақсатында тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҰҚК тергеу барысына қатысты өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін ҰҚК «Қазатомөнеркәсіптің» бірнеше топ-менеджерін ұстағаны хабарланған еді. Аталған іс «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» компанияларының бұрынғы басшылығына қатысты тергеумен байланысты екені айтылды.

Осы оқиғадан кейін «Қазатомөнеркәсіп» Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылғанын мәлімдеді. Ал 26 қарашада сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықовтың өз еркімен қызметінен кеткені белгілі болды.