$ 458.13 € 502.29 ₽ 5.58

Қазақстанда мәслихаттар депутаттарын сайлау аяқталды

Сайлаудың ресми қорытындысы 2026 жылғы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы тиіс.

Фото: qazdauiri
Фото: qazdauiri

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру аяқталды. Сағат 20:00-де елдегі сайлау учаскелері жабылып, комиссия мүшелері дауыстарды санауға кірісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұл жолы қазақстандықтар бес жыл мерзімге 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлады. Дауыс беруге арналған 10 338 учаске жұмыс істеді. Сайлаушылар тізіміне 12 679 459 адам енгізілген. Оның ішінде 101 учаске таңғы сағат 06:00-де, қалғаны 07:00-де ашылды.

Орталық сайлау комиссиясының сағат 16:00-дегі алдын ала мәліметі бойынша, сайлаушылардың 53,86%-ы дауыс берген. Ең жоғары белсенділік Түркістан облысында тіркеліп, 69,84%-ды құрады. Ал ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында болды – 33,73%.

Сайлауды бақылауға 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттелді. Оның 13-і Орталық сайлау комиссиясында, 245-і аумақтық сайлау комиссияларында тіркелген.

Сайлау комиссиялары қалай дайындалды?

Дауыс беру процесіне қатысушылардың дайындығын пысықтау үшін 5 743 оқыту іс-шарасы өткізілді. Оған 101 896 адам қатысқан. Олардың 86 мыңнан астамы сайлау комиссияларының мүшелері.

Тұрғындарға сайлау туралы ақпарат теледидар, радио, SMS-хабарламалар, мобильді қосымшалар мен онлайн сервистер арқылы таратылды. Сонымен қатар үй-үйді аралау кезінде сайлаушыларға жеке шақыру қағаздары берілді.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін қолжетімді болуын тапсырған. Сондай-ақ комиссияларға қолайсыз ауа райына дайын болу, заң талаптарын сақтау және дауыс беру күні мен тыныштық күні үгіт жүргізуге жол бермеу міндеттелді.

Сайлаудың ресми қорытындысы 2026 жылғы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0