$ 494.87  520.65  4.91

Дизельдік отынның бағасы көтерілмейді деп айта алмаймыз — Ұ.Қарабалин

Дизельдік отынның бағасы көтерілмейді деп айта алмаймыз. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин айтты, деп хабарлайды «Қазақпарат».

— Біз қазір нарықты бақылап, зерттеп отырмыз. Сондықтан дизельдік отынның бағасы көтерілмейді деп толық сеніммен айта алмаймыз. Бізді қоршаған мемлекеттердің барлығында баға біздікінен жоғары. Ал ашық шекара жағдайында мұндай жағдайға төтеп беру қиын, — деді Ұ. Қарабалин.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазір егін науқаны жүріп жатыр. Ал еліміздегі дизельдік отын шығаратын зауыттардың бір айлық өнімінің тең жартысы осы ауыл шаруашылық қажеттіліктеріне жұмсалуда.

— Көп мөлшерде дизелдік отын егін оруға кетіп жатыр. Бұл енді екі-үш айға созылады ғой. Біз ай сайын бағасы төмендетілген дизельдік отынның 170 мың тоннадайын ауыл шаруашылығына беріп жатырмыз. Бұл еліміздегі зауыттар шығаратын дизельдік отынның жартысына жуығы. Бірақ бұл қыстай жүрмейтін нәрсе ғой. Сондықтан бұл көлемдер қайтадан нарыққа кіреді. Сол кезде дизельдік отыннан тапшылық болмайды деп ойлаймыз, — деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары