Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік телеарнадан өз фотосуретінің көрсетілгені жөнінде түсінік берді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Ren TV бағдарламасында менің фотосуретімнің орынсыз берілгені - журналистердің әдеттегі алаңғасарлығы, басқа теріс ниет көріп тұрған жоқпын», деп жазды Қ.Тоқаев өзінің Тwitter-дегі парақшасында.
Еске сала кетсек, 26-27 тамыз күндері ресейлік журналистер «жедел жәрдем» жүргізушісін ұрып-соққан қазақстандық бизнесмен туралы сюжетте ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың фотосуретін қателесіп көрсеткен еді. Сюжетте күдіктінің Мәскеудің 55 жастағы тұрғыны екені айтылады. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті көрсетілді, ал кадр сыртындағы жүргізуші «Міне, мынау - астананың 55 жастағы тұрғыны Жомарт Қаменов» деп айтқан болатын.