Бостон марафонында жарылыс жасады деп айыпталып, қазір тергеуде отырған Джохар Царнаев сотты кем дегенде 2015 жылдың қыркүйегіне шегеруді сұрады, деп хабарлайды Азаттық.
Бұл туралы оның адвокаттары мәлім етіп, Царнаевтың мұндай өтінішті 29 тамыз күні түсіргенін айтты.
Адвокаттардың айтуынша, көптеген айғақтарды саралауға уақыт керек, әрі сот ісін жүргізуге қатысып жатқан прокурорларға да белгілі бір жұмыс мерзімі берілгені жөн.
Царнаевтың адвокаттары осы айдың басында өткен сот тыңдауы кезінде қараша айында болатын сотқа дайындалып үлгере алмайтындарын айтқан еді. Сот айыптау үкімін шығарған жағдайда, Царнаев өлім жазасына кесілуі мүмкін.
Еске сала кетсек, 2013 жылы 15 сәуір күні Бостонда марафон кезінде болған екі жарылыстан 3 адам қаза тауып, 173 адам жараланған. Жарылыстан соң негізгі күдіктінің бірі Джохар Царнаев ұсталды, онымен араласқан қазақстандықтар – Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов та тұтқындалған. Джохар Царнаевпен бірге жарылыс жасады деп айыпталған ағасы Тамерлан Царнаев полициямен атыс кезінде, 2013 жылдың сәуір айында қаза тапқан еді.