Елордада Әуезов көшесінің Абай даңғылынан Дүкенұлы көшесіне дейінгі бөлігінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлағандай, жол тамыз айының соңына дейін ашылуға тиіс болатын. Бірақ елордада жол-құрылыс жұмыстарының сапасын тексерумен айналысатын «Бюро Веритас» халықаралық компаниясы қосымша жұмыстардың қажет екендігін атап өтті.
«Атап айтқанда, жылу трассасын төсеу, қазіргі жылу трассасы мен су құбырларының инженерлік желілерін ауыстыру және күшейту жұмыстары жүргізіледі. Тексеру барысында жолдың жүретін бөлігінен жарамсыз топырақ анықталды. Оны ауыстыру үшін жөндеу жұмыстарының кестесі ұзартылды», делінген хабарламада.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәлімдегендей, жұмыстардың бәрі құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жүргізіледі және 15 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген.