Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының құрылысына қатысты тиісті сала басшылары мен аудан әкімін сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Амандық Батталов «Талдықорған - Алматы» бағытындағы тас жолдың Арқарлы асуында тұрған бар жоғы екі үйді сатып алу жұмыстарын осы күнге дейін неліктен шеше алмай жүргендерін шенеуніктерден түсіндіріп беруін талап етті. Жол құрылысына едәуір тежеу болып отырған осы мәселені шешуге Жер қатынастары басқармасының басшысы Ж.Омаров пен Кербұлақ ауданының әкімі Б.Әлиевке бір апта уақыт берді.
«Өңір басшысы төрағалық еткен жиында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» іргелі жобасы үшін «Алматы - Қапшағай», «Алматы - Бішкек», «Алматы - Талғар», «Алматы - Шамалған» трассаларының бойында тұрғызылған нысандардың жерлерін сатып алу және тазалау жұмыстары туралы сөз болды. Аталған жолдардың бойында бұдан былай ешқандай нысан салынбауы тиіс екенін А.Баталов қадап айтты. Және бұл іске әрбір аудан, қала әкімдері мен тиісті басқарма басшылары тікелей жауап беретін болады», делінген хабарламада.
«Алматы - Талдықорған» тас жолының бойында Шеңгелді ауылының тұсында төрт қабырғасы енді ғана тұрғызылып жатқан дүкенге қатысты да облыс әкімі ескерту жасады. Ешқандай құжатсыз, заңсыз жүргізіліп жатқан нысанның салынуына Шеңгелді ауылдық округінің әкімі, Қапшағай қаласының әкімі, оның орынбасарлары көз жұма қарап, жол беріп отырғанын сынға алды. Кез келген құрылыс жобасы тиісті органдардың бекітуінен кейін технологиялық және эксплуатациялық сапасын есепке ала отырып жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Осы мысал арқылы барлық аудан, қала әкімдеріне бағыттала айтылған ескертпе ендігі талаптың аса қатаң болатындығын ұқтырды.
—Алматы агломерациясына қатысты қаламен шекарамызды анықтап алдық. Ендігі мәселе - белгіленген өз аумағымызды уақыт талабына сай, заманауи үлгіде, эстетикалық талғаммен ары қарай дамытуымыз керек, — деді А. Баталов.