$ 498.34  519.72  4.85

Астанада 3 көкөніс қоймасы іске қосылады

Биыл Астанада сыйымдылығы 14500 тонна болатын 3 көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға беріледі. Тағы төртеуінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазір қалада 5 көкөніс қоймасы жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы сыйымдылығы 21850 тонна. Ал, қаланың қажететтілігі 60 мың тоннаны құрайды.

— Қазір 7 көкөніс қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Олардың сыйымдылығы 22146 тонна. Олардың үшеуі биыл, қалғаны кезең-кезеңімен тапсырылады. Келесі жылы тағы 5 көкөніс қоймасының жобасы жасалуда. Ол қосымша 29 000 тоннадай болады. Осылайша қала қажеттілігін 2017 жылға дейін толықтай өтейміз деген ниеттеміз, — дейді Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Гүлмира Ермолдина.

Пайдалануға берілетін тағы бір қоймада 7 мың тонна көкөніс пен цитрусты жемістер сақталады. Ауданы 2 мың га болатын қойманың құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Мұнда жеміс пен көкөніс сақтаудың бабын білетін технологтар жұмыс істемек. Ал, халыққа тиімді болуы үшін қойма жанынан сауда орталығын тұрғызу да қарастырылып жатыр.

— Цитрусты жемістерге Голландиядан арнайы жабдықтар әкелінеді. Банан, мандарин, апельсин, ананастарға бөлек қойма болады. Оларға арнайы екі орын дайындап жатырмыз. Әрқайсысы 550 тонна, — деді «Амал А 2009» ЖШС директорының орынбасары Талғат Әбілов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары