$ 498.34  519.72  4.85

Калачи ауылында бір мезетте 16 адам ұйқыға кетті

Ақмола облысындағы адамдарды тағы ұйқы қыса бастады. Калачи ауылында бір мезетте 16 адам мызғып кеткен. Оның тоғызы бала. Ересектердің арасында жүкті әйел де бар, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Бұл ауылда 600-дей адам тұрады. Осы бір түсініксіз дерт ол жақта 3 жыл бұрын байқала бастаған еді. Содан бері 60 шақты адам ауырған. Ал індеттің себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ. Енді, міне, күздің алғашқы күндерінде жұрт жұмбақ аурумен тағы алысып жатыр.

— Балалар құсып, ие бола алмадық.Тіпті кереуетке байлап қойдық. Қорқынышты. Оларға енді не болмақ? 2 балам ауруханада. Ешкімге ештеңе керегі жоқ.Қашанғы осындай әрі-сәрі күйде отыра береміз? Бәрі сырттан бақылап үнсіз отыр. Ешқандай маманға сенбеймін, — дейді Калачи ауылының тұрғыны Олег Свинарев.

Осы жағдайдың себебін анықтау үшін келіп-кетіп жатқан сансыз комиссиядан көңілі қалғандар көп. Тіпті, ауруханаға барудан бас тартып жатқандары да бар.

Көзін бір ашып, қайта қалғып кеткен Ирина есімді әйел 5 күннен бері ұйықтап жатыр. Өзі ауыл дәрігері екен. Көршілері келіп бақылап жүрміз дейді. Тұрғындар әрі-сәрі күйден шаршағандарын айтады.

«Енді калачиліктер біртіндеп көшіп жатыр. Бірақ қоныс аударуға бәрінің бірдей жағдайы жоқ. Олар бар пәле, бұрынғы уран кеніштерінен шықты дейді. Бірақ, арнайы радиологтар келіп сан рет анализ алғанымен әлі күнге нақты жауап таба алар емес. Сырқаттың балаларға ауыз сала бастағаны жұрттың жанына батуда. Қазір 9 бала ауруханада жатыр. Аяқ астынан жағдайдың ушыққанын естіген Денсаулық сақтау Министрлігінің өкілдері де Калачиге келіп жетті. Тағы да анализ, су мен топырақтан сынама алу басталды. Бұл жұмыстың да жұрттың күпті көңілін орнына түсіруі екіталай», делінген телеарна сюжетінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары