Шымкент қаласының аумағы жыл санап кеңейіп келеді. Тиісінше, кәріз құбырларынан қалалық тазарту алаңына ағатын қалдық судың көлемі де артады. «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС қалдық судан сүзілген қоқысты өңдеуді қолға алуда, деп хабарлайды Оtyrar.kz.
Механикалық тазартқыш қондырғыларынан өткен қалдық су бассейнде тұндырылады. Тұндырылған су биологиялық тазарту қондырғыларында органикалық заттардан тазартылады.
— Айротенк деген құрылғыда судың микроорганизмдері өсіріледі. Ол микроорганизмдер су құрамындағы ерітінді күйіндегі органикалық заттарды тазартуға көмектеседі, — дейді «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС технологы Назым Жүнісова.
Оның айтуынша, бұдан кейін қалдық су 2-дәрежелі тұндырғыштарға құйылады. Органикалық заттардан тазартылған су өндірістік қалдық және таза су болып екіге бөлінеді. Ары қарай су «Бөржар» су қоймасына жіберіледі. Ал қалдық өңделеді.
Мамандардың пайымдауынша, жаңғыртудан өтіп жатқан құрылғы толыққанды жұмысын бастаған соң онда тек таза су ғана емес, метан газы өндірілетін болады. Газдан электр қуаты алынады. Ал қалдықтар биотыңайтқыш заттарына айналады. Бұл өз кезегінде қалдықтың азаюына алып келеді.
Жоба 2015 жылы іске қосылады деп күтілуде.