$ 498.34  519.72  4.85

БҰҰ Қызылордада жаңа жобаны жүзеге асырмақ

«Жасыл экономика» қағидатын орындау мақсатында Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының «Даму» бағдарламасы аймақта пилоттық жобаны іске асырмақ, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Қызылорда облысының әкімдігі мәлімдегендей, энергоүнемділік пен энерготиімділікке жұмыс жасап, тұрғын үйді қайта жаңғыртудың сапалылығына мән беруді мақсат еткен жобаны облыс әкімдігі қуаттап отыр. Қос тарап бүгін Қызылордада бас қосып, жаңа жобаның таныстырылым өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев қатысты.

«Бағдарламаны іске асыру мерзімі – 3 жыл. Бірінші кезең бойынша, қаладағы 7-8 әлеуметтік нысан мен тұрғын үй жаңғыртудан өтеді. Жоба нысанның ішкі-сыртқы жаңғыртылуымен қоса, бастысы, электроүнемділік пен электротиімділікке қарай жұмыс жасайды. Халықаралық және отандық озық тәжірибелерді електен өткізе отырып қолға алынған ілкімді іс бұған дейін еліміздің Астана қаласы мен Алматы, Атырау, Қарағанды облыстарында сәтті жүргізілді», делінген хабарламада.

Әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпараты бойынша, бастысы, облыстық бюджеттен көп қаржы талап етпейді. Жобаның басым бөлігі Біріккен ұлттар ұйымы грантының негізінде жүзеге аспақ. Бағдарламаның қарапайым тұрғындарға тиімділігі, электр энергиясы мен жылуды тиімді әрі үнемді пайдаланып, шығынды азайтуға септігін тигізбек. Мұнымен қоса, жаңғыртудан өткен тұрғын үй құны да жоғарылайды.  

Бағдарламаның екінші кезеңі бірнеше аудан мен Байқоңыр қаласын қамтымақ. Үш жылда пилоттық жобаға 1,5 млрд. теңге қаржы жұмсалса, соның 15 миллион теңгесі биыл жаратылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары