$ 494.87  520.65  4.91

Қарағандыда турфирманың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қарағандыда туристерді алдап, Түркиядағы демалысынан айырған турфирма басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

— «Азалия» турфирмасының үстінен «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Турфирма басшылығының айыптылық деңгейі дәлелдерді жинау мен талдау барысында анықталатын болады, — деді Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің ақпарат және мемлекеттік тіл басқармасының жетекшісі Жаңатай Сембеков.

Қылмыстық іс бойынша 16 адам жәбірленуші деп танылды, олардың бәрі - Қарағанды тұрғындары. 21 тамыз күні 03.00 шамасында ұшаққа отыра алмай, Түркиядағы демалысынан қалған олар ішкі істер департаментіне шағымданды. Қарағанды тұрғыны Айна Бапиеваның айтуынша, «Сарыарқа» әуежайы қызметкерлері ұшақтағы орын алдын ала броньдалмағандықтан оларды бортқа жібермеген.

— Біз таңертең Түркиядағы демалыстан қалуымыздың себебін білу үшін «Азалия» турфирмасының кеңсесінде болдық. Турфирма директоры Азалия Каюпова билеттерді сатып алып, орындарды иемденіп қойғанын айтты, бірақ ұшақта орын аз болған-мыс, — дейді Айна Бапиева.

Оның айтуынша, директор жағдайдан шығу үшін олардың әрқайсысынан тағы 275 доллардан беруді талап еткен.

— Біз оның алаяқтығына күдік келтіріп, қосымша ақша беруден бас тарттық. Ол Астана әуежайынан ұшып шығуға көмектесетінін айтып, уәде берді, сонымен бірге, қолымызға отель үшін ваучер бермек болды. Ол бізге 21 тамыз күні 13.00 кезінде кездесуді белгіледі. Бірақ ол уақытта кеңсесінде болмай шықты. Қызметкерлер бұл оқиғадан бейхабар екенін айтты, — дейді Бапиева.

Қарағандыдағы турфирма кеңсесінде әріптес түрік компаниясының өкілі де болды. Бапиеваның айтуынша, ол туристерге Азалия Каюпованың түрік компаниясына 90 мың доллар қарыз екенін хабарлады. Алданған туристер полиция мен прокуратураны шақыруға мәжбүр болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары