Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қалалық мәслихат депутаттарынан масамен күресу шараларына 2015 жылға 300 млн. теңге көлемінде қаражат бөлуді сұрады, деп хабарлайды «Қазақпарат».
– Бұл қаражатқа біздің аймақта көп таралған маса жәндігімен тиімді күресу шараларын ұйымдастыруға болады. Оған ғылыми қызметкерлерді, биологтар мен энтомологтарды да тарту қажет. Әрі, мәселен, Павлодардағы тәрізді масалар көбейетін және жиналып тіршілік ететін жерлер дәл көрсетілген аймақ картасын жасау қажет, – дейді Атырау облыстық дезинфекция стансасының директоры Бауыржан Қосжанов.
Масамен күрес мәселелеріне сондай-ақ Ұлттық дезинфекция мамандары қауымдастығының конференциясы да арналды. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан және Астана, Алматы қалаларынан келген мамандар қатысты.