Каспийден Алтайға дейінгі аралықты автокөлікпен жүріп өтетін жорықшылар Батыс Қазақстан облысына бет түзеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптадағы Маңғыстау облысына сапары барысында этнографиялық автокөлік экспедициясына ақжол тілегені баршаға мәлім. Сол кезде Мемлекет басшысы теңіз жағалауында жастар өкілдерімен кездескен еді. «Менің елім: Каспийден Алтайға дейін» акциясын өткізуді қолға алған экспедиция мүшелері Елбасынан бата алып, республиканың барлық өңірін Ақтау – Атырау – Орал – Ақтөбе – Қостанай – Петропавл – Көкшетау – Астана – Қарағанды – Павлодар – Өскемен – Алматы – Тараз – Шымкент – Қызылорда бағыттары бойынша араламақ болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы алдында экспедиция жетекшісі, PhD докторанты Бақтыбай Жайлау: «Құрметті Елбасы! Сіздің «Қазақстан-2050» Стратегияңыз бен Ұлытауда берген сұхбатыңыз бізді қанаттандырып, тың қадамдарға жетелеуде. Әлемдегі ең үздік 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен Қазақстанның тұрақтылығына, бірлігіне және одан әрі көркеюіне жастар өз үлесін қосуда. Стратегияны қолдау, жүзеге асыру үшін біз «Менің елім: Каспийден Алтайға дейін» атты автомобиль экспедициясын ұйымдастырдық. Қазақстанның барлық өңірлерін аралай жүріп, кең-байтақ жеріміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, тілін насихаттау үшін экспедицияға аттанғалы отырмыз», деген.
Енді, міне Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау қаласынан бастау алған автоэкспедиция мүшелері кеше Атырау облысына келіп жеткен болатын.
Оларды қарсы алған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Әр адам өзі тұратын елге, туған жерге деген шынайы патриоттық сезімін әрқалай жеткізеді. Бірі ел экономикасына серпін беретін тың жобаларды ойлап табуы мүмкін. Енді бірі ерекше іс-әрекеті арқылы және біреулері өнері арқылы білдіріп жатады. Каспий жағалауынан Алтай тауы етегіне дейінгі ұлан-ғайыр даланы автокөлікпен шарлап шығатын бауырларымыздың бұл ісі де патриоттық сезімнен туындаған игі сапар. Әр тоқтаған жерінде тәуелсіз еліміздің экономикалық өркендеуін, ұлтаралық татулықты насихаттай жүретін сапарларыңыз оң болсын», деді.
Тәуелсіз Қазақ елінің көкбайрағын желбіреткен «Менің елім – Мәңгілік Ел» автоэкспедициясына қатысушылар алдымен қала орталығының көшелерімен шерулетіп өтті. Оған жергілікті байкерлер тобы да қатысты. Автоэкспедиция жетекшісі Евгений Рибалконың айтуынша, негізгі мақсат – ел тұрғындарының, соның ішінде жастардың патриоттық сезімін қалыптастыруға атсалысу. Автоэкспедиция өткізу идеясына Маңғыстау облысының әкімдігі қолдау білдіріпті. Оған қатысушылардың арасында журналистер мен блогерлер, этнографтар мен жастар белсенділері бар. Өнерлі жастар да қалыс қалмапты. Тіпті, Қазақстанда кіндік қаны тамбаса да, біздің еліміздің тарихы мен мәдениетін терең білуге талпынып, қазақша ән шырқап жүрген италиялық жас жігіт Паскаль Сон да осы экспедицияның белді мүшесі атаныпты.
– Мен Қазақстанды өз елімдей жақсы көріп кеттім. Өйткені, қазақ халқының бауырмалдығы мен қонақжайлығы мені ерекше баурап алды, – дейді италиялық жігіт Паскаль Сон. – Қазақстанның әр өңірімен тереңірек танысуды мақсат тұтып жүруші едім. Міне, сол арманым іске аса бастады. Оңтүстік өңірлердегі облыстарда, Алматы мен Астанада болып жүрмін ғой. Енді Қазақстанның барлық өңірлерінен де достар табатыныма Маңғыстау, Атырау облыстарына сапарымда көзім толық жетті.
Бір ерекшелігі, автоэкспедиция қатысушылары Қазақстанда құрастырылған отандық «Номад» көлігін де таныстыра жүреді. «Біздің бұл идеямызды Маңғыстау өңіріне сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та айрықша қолдады. Бұл бізді жігерлендірді, алыс сапардың қиындығына шыдас беруге талпындырды. Қазір біздің құрамымызда 20 жас бар. Дегенмен, біздің қатарымызға әр өңірден қосылғысы келетін жандарды құшақ жая қарсы аламыз», дейді автоэкспедиция жетекшісі Евгений Рибалко.
Автоэкспедиция мүшелері Атырау қаласындағы «Петротехник» колледжінде өңір жастарымен де кездесті. Осындағы шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан автоэкспедицияның альбом-кітабы мен картасына «Атырау – еліміздің маңызды да қуатты бөлігі» деген қолтаңбасын қалдырды. Одан соң Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму ырғағы, инвестициялық әрі туристік тартымдылығы жөнінде кеңінен баяндалған деректі фильм таныстырылды. Айтқандай, әр облыс орталығында тек Маңғыстау облысының ғана ерекшеліктері баяндалатын деректі фильмді таныстырумен шектелмейді. Сонымен бірге, өзге облыстардан түсірілген бейнероликтер де жұртшылық назарына ұсынылмақ.
– Өйткені, біздің еліміздің табиғаты көрген адамды таңғалдыратын ерекшелігімен өзгешеленеді. Әр өңірдің ауа райы әрқалай болғанмен, есте мәңгілік сақталып қалатын тарихи ескерткіштерімен, өзен-көлдерімен, табиғи байлығымен жүрекке ерекше ыстық, елімізді құтты мекеніне айналдырған сан ұлттың бір-бірінің намысын таптамайтын татулығы, бір-бірінің арасынан қыл өтпейтін достығы қымбат, –дейді автоэкспедиция жетекшісі Евгений Рибалко. –Міне, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдары Қазақстанның шежірелі тарихы мен мәдениетін, әдебиетін жастар арасында барынша кеңінен таныстырсақ, насихаттасақ дейміз. Әр өңірдің даму ерекешеліктері, табиғаты мен кеңпейілді адамдары туралы, бәрі-бәрін бейнетаспаға, фотосуретке түсіріп жүреміз. Әр облыс орталығына аялдап, жұртшылықпен өткізетін кездесулерімізде бейнеролик, фотокөрме ретінде таныстыру мақсатын көздеп отырмыз. Тәуелсіз елімізді бүгінгі қуатты мемлекет деңгейіне жеткізген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі туралы жастар арасында өткізетін семинар-тренингтеріміз де бар. Себебі, біз әр өңірде тұрсақ та, бір мүддені көздейтін бір елде тұратын әр ұлттың өкілдері болғанымызбен, біздің көздегеніміз бір мақсат – сүйікті Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанның болашақта бәсекеге қабілетті 30 елдің біріне айналуына үлес қосу.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Айдар Сабыров айтқандай, Каспий жағалауындағы Ақтаудан алыс сапарға шығып, Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр даламызды шарлайтын «Менің Елім – Мәңгілік Ел» автоэкспедициясының көздеген мақсаты айқын. Ол – жастардың арасында отаншылдық сезімді оятуға атсалысу. Және осынау ұлы мақсатты көздеген сапарды жастардың ұйымдастыруынан елімізде отаншыл рухтағы буынның өсіп келе жатқаны байқалады.
— Бұл шараның, әсіресе, қазіргі жас ұрпақтың батысшыл даңғырлаған музыкасымен әуестеніп, Интернет желісіне таңылып отырған сәтінде маңызы мен мәні айрықша арта түседі. Үркердей жалындаған топтың елдің, жердің тарихы мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін насихаттаған ізгі ісі кез келген жасты елең еткізері, отаншылдық сезімін оятары даусыз. Өйткені, автоэкспедиция құрамындағы этнографтар еліміздің әр өңіріндегі тарихи құнды ескерткіштердің өзіндік ерекшелігі барына назар аударып келеді, — дейді ол.
Сонымен қатар, оның пайымдауынша, өзінің кіндік қаны тамған жерін ғана емес, тұтастай елді сүюге, Отанды сүюге үндейтін мұндай шаралар бір реттік болып қалмауы қажет. Енді алдағы жылдары Алтай өңірінен басталып, Каспий жағалауына дейінгі аралықты жүріп өтетін экспедицияны басқаша ұйымдастырудың қажеттігі сұранып тұрғандай. «Бәлкім, бір өңірдің жастары келесі бір облысқа туристік сапармен келіп, тарихи, мәдени, танымдық сипаты басым орындарын араласа нұр үстіне нұр болар еді. Мұндай сапарлардан жастар тағылымдық, танымдық сабақ алары анық».
— Еліміздің әр өңіріндегі жастардың бір шоғыры Абай, Шәкәрімдей, Мұхтардай заңғар тұлғалар өмірге келген, Алаш туы тігілген Семей өңіріне барып жатса, ғанибет емес пе? Мәселен, Жұмекен Нәжімеденовтің атасы баласын соғысқа аттандырар алдында табан ізін сорға бастырып, үстіне қазан төңкеріп қойған. Нәжімеден қария баласын сағынғанда төңкерулі қазанды көтеріп, баласының ізін алақанымен аялай сипайды екен. Аңызға бергісіз осы тарихи орынды өзге өңірдің жастары өз көздерімен көрсе, оның әсері ерекше боларына сенемін, — дейді доцент А.Сабыров..
Кеше бесін ауа мұнайлы өңір тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген «Менің елім – Мәңгілік Ел» автоэкспедициясына қатысушылар Батыс Қазақстан облысына бағыт түзеді.