Оператордың туристерге келтірген шығыны 30 миллион теңгеге бағаланды, деп хабарлайды Skifnews.kz
ҚР ішкі істер министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, бұл іс бойынша 240 азамат пен 30 заңды тұлға тергелуде. «Бұл – «Гүлнәр тур» фирмасынан туристік жолдама сатып алған азаматтар. Қазір фирма басшылығына мемлекетаралық іздеу жарияланды», – дейді министрлік өкілдері.
Бұған дейін «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. Тамыз айының соңында «Гүлнәр тур» лицензиясынан айырылды. Ұлттық кәсіпкерлік палатасының мәліметінше, фирма директоры Әли Исмаилов жалған құжатпен шетел асып кетуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, отандық ірі туристік компанияға қатысты дау-дамай маусым аяғында басталды. Туристік мезгіл қызған шақта «Гүлнәр тур» компаниясы өз клиенттерін кідіртіп, тынығушылардың Қазақстаннан Түркияға жетуіне және кері қайтуына жағдай жасай алмағаны белгілі. Осылайша, оператордың туристерге келтірген шығыны 30 миллион теңгеге бағаланды. Бір ғана «Инвест Авиа» әуе компаниясының өзіне турфирма 147 миллион теңге қарыз. Сонымен бірге, қазақстандық 12 мың отбасы компания келтірген материалдық шығынды қайтаруды талап етіп отыр.