$ 449.58  486.94  4.86

Маңғыстау облысы Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға дайын — А.Айдарбаев

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев есеп беріп Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға әзір екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Жақында Елбасы еліміз үшін тарихи мәні бар Жолдауын жария етті. Онда Президент сыртқы нарықтағы жағымсыз құбылыстарды, энергия тасымалдаушылар бағасының құбылмалылығын ескере отырып, «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясаттың негіз қалыптастырушы идеяларын паш етті. Біз осыған байланысты қолданыстағы және келешекте қабылданатын бағдарламаларды Елбасы айқындаған қадамдармен сәйкестендіруге тиіспіз. Бұл ретте Маңғыстау облысы Президент тапсырмасын орындауға әзір екенін айтқым келеді», —  деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Маңғыстау облысының экономикасы белгіленген параметр аясында дамып келеді. Бұған облыстың ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айқын дәлел.

«2013 жылы Маңғыстау обылысының жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 22 мың долларды құраған. Осы көрсеткіш бойынша біз республикамызда төртінші орында тұрған болатынбыз. Ал 2014 жылдың қорытындысына сәйкес, өңірдегі ішкі жалпы өнімде 5 пайыз деңгейінде өсім болжанады, бұл Үкіметтің болжамына сай келеді», — деді А.Айдарбаев.

Сонымен қатар, әкімнің айтуы бойынша, Маңғыстау облысында индустрияландырудың екінші кезеңінде 60-тан астам жобаны жүзеге асыру көзделген. Өңірінде ағымдағы жылы негізгі капиталға инвестиция ағынының өсімі 20 пайызға немесе 367 млрд. теңгеге жететіні болжанады.

«Бұл неге байланысты? Жауап белгілі: бұл индустриялық-инновациялық даму бағдарламаның нәтижесі. Мәселен, бағдарламаның бірінші бесжылдығында Маңғыстау облысында 160 млрд. теңгеден астам қаражатқа 23 жоба бекітілген болатын. Біз 2 мыңнан астам жұмыс орнын аша алдық. Биылғы жылдың өзінде 105 млрд. теңгенің 14 жаңа жобасын іске қоспақпыз. Бұның өзі 900-ден астам жұмыс орны ашылады деген сөз», — дейді А.Айдарбаев.

Әкімнің сөзіне қарағанда, индустрияландырудың екінші бесжылдығына маңғыстаулықтар үлкен үміт артады.

«Біз индустрияландырудың келесі кезеңінде экономиканың түрлі салалары бойынша 60-тан астам жобаны жүзеге асыруға ниеттіміз. Ал инвестицияның болжамды көрсеткіші 2 трлн. теңгені құрап, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу болжанады», — деді Маңғыстау облысының әкімі.

Сонымен қоса, Алик Айдарбаев Маңғыстау облысынының жетістіктерін де баса айтты. Облыста 9 айда 13,8 млн. тонна мұнай өндірілгенін мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың 9 айы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион 900 млн. теңгені құрады. Бір жылдың ішіндегі өсім 2,5 пайызды құрап отыр. Бұндай қарқын ең бірінші кезекте мұнай өндірудің тұрақты көрсеткішімен байланысты. Есепті кезеңде Маңғыстау облысында 13,8 млн. тонна мұнай өндірілді. Бұл былтырға қарағанда 2,7 пайызға артық», — деді облыс әкімі.

Оның сөзіне қарағанда, өңірдің өңдеуші өнеркәсіптері айқын өсімге ие болып, 14,4 пайыздық динамикаға немесе 78 млрд. 800 млн. теңгеге шыққан. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары да қарқын алып, 418 млрд. теңгені құрап отыр.

«Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 9 айда 5 млрд. теңгеден асты. Ал өңірдегі инфляция деңгейі 6,1 пайыз дәлізінде тұр. Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілер көрсеткіші 102,7 пайызға артып, 32 мың бірліктен асты, жалпы бұл секторда 97 мыңнан астам адам қызмет етеді», — деді облыс басшысы.

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары