$ 448.89  477.93  4.76

Мұнайлы Маңғыстаудың экономикасы қарқынды дамуда

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев брифинг өткізді. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру барысы жөнінде әңгімелеп, тілшілердің аймаққа қатысты қойған сұрақтарына жауап берді.

Облыс әкімі мәлімдегендей, Маңғыстау облысының экономикасы белгіленген параметр аясында дамып келеді екен. Бұған облыс әкімі келтірген ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері дәлел бола алады.

«Нақты мысал келтірейік, 2013 жылы Маңғыстау облысының жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 22 мың долларды құраған. Осы көрсеткіш бойынша біз республикамызда төртінші орында тұрған болатынбыз. Ал биылғы жылдың қорытындысына сәйкес, өңірдегі ішкі жалпы өнімде 5 пайыз деңгейінде өсім болжанып отыр. Бұл Үкіметтің болжамына сай келеді», — деді А.Айдарбаев.

Таяу арада Маңғыстау облысында жергілікті атқарушы билік пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашқалы жатыр. Бұл жөнінде аймақ басшысы, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясат аясында Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлінуі өңір кәсіпкерлігін дамытуға қосымша серпін бергенін айтты. «Маңғыстау облысында жыл басынан бері жалпы сомасы 3,9 млрд. теңгенің 10 жобасы мақұлданған болатын.Олардың 8-і қазір іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Жақын арада Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кәсіп­­керлерге қызмет көрсету орталығын ашу­ды жоспарлап отыр­мыз. Бұл ­ор­та­лықта бизнесмен­дер құжат­тар рәсімдеп, кеңестер алады, тіркеуден өтеді», деп толықтырды сөзін облыс басшысы. Бұл орталықта тәуекелдерді басқаруға оқытып, кәсіпкерлердің құқықтық сауатын арттыруға жәрдемдесетін шаралар қабылданады.

Облыста индустрияланды­рудың екінші кезеңін жүзеге асыру ісі басты назарда. Бұйырт­са, екінші кезеңде 60-тан астам жобаны жүзеге асыру көзделген. Әкімнің сөзіне қарағанда, Маңғыстау өңірінде ағымдағы жылы негізгі капиталға инвестиция ағынының өсімі 20 пайызға немесе 367 млрд. теңгеге жететіні болжанған.

Сөйтіп, индустрияландырудың келесі кезеңінде экономиканың түрлі салалары бойынша 60-тан астам жобаны жүзеге асыруға ниетті екендіктерін білдірді. Онда инвестицияның болжамды көрсеткіші 2 трлн. теңгені құрап, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Брифингте әлеуметтік сала туралы да айтылды. Облыс әкімінің сөзі бойынша, онда балабақшаның жетіспеушілігі туу көрсеткішінің жоғары болуынан туындап жатқан көрінеді.

«Маңғыстау облысы халық санының өсімі жоғары өңірге жатады. Бүгінде өлкемізде 600 мың адам тұрады, өткен жылмен салыстырғанда тұрғындар саны 103,4 пайызға артты. Мұндай өсім қарқыны ең бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланысты. Оған қоса, басқа өңірлерден келушілердің саны бойынша да алдыңғы қатарға шығып, миграциялық өсім 2 мың адамды құрады. Халық санының осылайша өсім қарқынына ие болуы бізге әлеуметтік мәселелерді жедел шешу, адамның тұрмыс-тіршілігіне қажетті әрі маңызды саналатын инфрақұрылымдарды дамыту міндеттемелерін жүктей­ді. Биыл әлеуметтік салаға 72 млрд. теңге бөлінді. Білім беру сала­сындағы «Балапан» бағдар­­ламасы 3-6 жастағы балалардың 82 пайызын қамтып отыр. Жалпы, балабақшаларда орын жетіспеушілігі негізінен туу көрсет­кішінің жоғары болуымен бай­ланысты болып табылады. Бү­гінгі таңда 10 мыңнан астам бала кезекте тұр», — деді А.Айдарбаев.

Мемлекет басшысының білім беру саласына қатысты берген тапсырмалары да әкім наза­рынан тыс қалмады.

«Білім беру бағдарламасы біз үшін аса ма­ңызды. Президент 2017 жылға дейін оқушы орнының тапшы­­­­­­­лығын жою, апатты мектептер проб­лемасын толығымен шешу ту­ралы тапсырма жүктеген бола­тын. Біз биыл 200 орындық бір мектептің құрылысын аяқ­та­­дық. Келесі жылы әрқайсысы 624 орын­дық тағы 2 мектеп салын­бақ. Тұтастай алғанда, 2015 жылдан бастап облыста апатты мектептер болмайды. Сондай-ақ, алдағы жылы үш ауысымды мектептердің проблемасын шешу де басты назарға алынады. Қазіргі күнде мұндай 4 мектебіміз бар. Мұны жою үшін осы айда 960 орындық мектепті қолданысқа береміз. Оған қоса, тағы да 1700 орындық екі мектеп салынатын болады», — деді А.Айдарбаев.

Аймақ басшысы 2020 жылға дейiн халықты таза ауызсумен қамту толық дерлік шешілетінін де айтты.

«Су облыста тапшы. Қазiр 100 мың текше метр суды тұшытып отырамыз. Су құбыр арқылы Едiл өзенiнен тасымалданады. Мысалы, 100 мың текше метр су өндiремiз. Сонда да 40 мың текше метр су әлi жетiспейдi. Кейбiр елдi мекендерге су кестемен берiлуiнiң басты себебi осында жатыр. Егер ешқандай шараны қолға алмасақ, су тапшылығы 70 мың текше метрге дейiн өседi. «Каспий» су тұщыту зауыты салынған. Оның қуаттылығы 40 мың текше метр суды тазартуға жетедi. Болашақтағы 70 мың текше метр су қажеттiлiгінiң 40 мыңын бiз осылайша жаппақпыз. Мұнымен бірге, «Астрахань –Маңғышлақ» су тасымалының иесi «ҚазТрансОйл» компаниясымен келiсiм жасалды. Олар технологияларды жаңғырту арқылы оның қуатын 15-20 мың текше метрге ұлғайтады. Ақтаудағы су тазарту компаниясы да өз қуатын арттыратын болады. Осылайша, 2020 жылға дейiн су тапшылығын жоямыз. Нәтижесінде, орта­лық­тандырылған су жүйесiмен қалалардың 100, ауылдардың 80 пайызы қамтылады», — дедi әкiм.

Бұл жобаларды жемісті жүзеге асыру үшін «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 60 млрд. теңге бөлiнедi екен.

Мұнайлы аймақта жұмыс­сыздар мұнай секторынан басқа салаға барғысы келмейтін көрі­неді. Әуелі бұл тұрғыдағы жетіс­тіктерін баяндаған өңір басшысы, осынау түйткіл мәселені де айтып қалды.

«Облыста жұмыс­пен қамту жағдайы да жағым­ды көрсеткішке ұласып отыр. Халықтың жұмыспен қамты­лу көрсеткіші 266 мың адамды құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 3 пайызға артық. Расында, жұмыссыздар саны азайған. Қазір олардың саны 15 мыңға жетпейді. Жалпылама алсақ, біздегі жұмыссыздардың басым бөлігі мұнай секторынан жұмыс іздейді. Олардың әрқайсысына дерлік басқа салаларда жұмыс орындары ұсы­­нылғанымен, жалақының төмен­­дігіне орай жұмыссыз 10 адам­­ның алтауы одан бас тар­тады. Сондықтан да, біз маңғыс­тау­лықтар үшін жаңа мүмкін­діктерді қамтитын «Жаңа серпін» атты бағдарламаны жүзеге асыра ­бас­тадық. Атал­мыш бағдарла­ма таяу­дағы 3 жылда 9 мыңнан ас­­там жұ­мыс орындарының ашы­­луы­на мұ­рындық болады», — деп қо­рыт­ты сөзін облыс әкімі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары