$ 443.85  474.3  4.8

Маңғыстаулықтар Елбасы жолдауын талқылауда

Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты – бизнеске арналған жаңа серпін. Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гүлжан Қаламқали «Нұр Отан» партиясы Ақтау филиалында өткен ХХ конференцияда сөйлеген сөзінде осылай деді.

 

Оның айтуынша, Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатының аясында Елбасы шағын және орта бизнестің дамуына ерекше назар аударуда.

«Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ірі бизнесті жеңілдікпен кредиттеуге 100 миллиард теңге бөлуді бастамалау осыдан хабар береді. Ұлттық қордан бөлінетін қаржы ресурстарын уақытында пайдаланып қалу кәсіпкелер үшін аса маңызды. Оларды орнымен жұмсау, яғни мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану бұдан да маңызды», - деп атап өтті ӨКП директорының орынбасары.

Гүлжан Қаламқалидің пайымдауынша, табиғи ресурстарға деген әлемдік баға төмендеп бара жатқан осындай қиын жағдайда Маңғыстауда шұбат өндірумен  түйе шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету саласы, сонымен қатар инфрақұрылымдық жобаларға қаражат салудан айтарлықтай қайтарым күтуге болады.

«Мысалы, Елбасы атап өткендей, туристік салада бір жұмыс орнын құру өнеркәсіптегіге қарағанда 10 есе арзанға түседі. Менің ойымша, бүгінгі таңның жағдайында бизнес-мақсаттарға жетудегі басты шарт - бұл экономиканың біршама келешегі бар бағыттарына қаражат салу және күн сайынғы табанды еңбек. Оның үстіне, бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда және мен маңғыстаулық кәсіпкерлерді осыны пайдалануға шақырамын», - деп түйіндеді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Сонымен қатар, таяуда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде облыстық жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Болашақ» стипендиясының түлектерімен кездесу өтті. Алқалы жиынды облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева ашты:

«1993 жылы құрылған «Болашақ» бағдарламасы ел еңсесі тіктеліп, экономикасы енді артып жатқанда жүзеге асырылса да жобаның нәтижелері таңдай қағарлық болды. Қазіргі таңда үш тілді жетік меңгерген жастар үшін әлемдегі ең озық жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға, шетел мамандарымен тәжірибе алмасуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Бүгін арамызда осы «Болашақ» стипендиясының түлектері отыр. Бұлар сіздер секілді кешегі студенттер, мектебін үздік бітіріп, университетін тәмамдап, Елбасы бағдарламасымен шетелден білім алып, қазір облыстың маңдайалды азаматтарына айналған. Олардың ішінде қателікті кешірмейтін, зор жауапкершілікті жүктейтін мамандықты таңдаған адамдар бар. Олардың ауыр еңбегі, маңдай тері қаншама жанды ажалдан арашалап, қаншама адамды дертінен сауықтырған. Олар шетелдегі операцияларды көзбен көріп, қолмен ұстаған кәсіби білікті кардиохирургтар. Расымен де жастарымыз білім деген алтын қазынаға құнықса, өз мамандығының майталманына айналуға асықса еліміздің болашағы тамаша боларына күмән жоқ. Жас мамандарды жұмысқа тартсақ, қайтарымы да үлкен болмақ. Себебі, аймағымыздың өркендеуіне жастар ғана колғабыс жасай алады, олардың алға тартатын идеялары да тың. Қазір барлық салада жас кадрлар тапшы. Бұл олқылықтың орнын толтыруымыз қажет», – деп Б.Ғаниқызы сөзін Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауындағы жастарға арналған бағдарламалармен түйіндеді.

Жиын барысында сөз тізгінін алған «Болашақ» стипендиясының түлектері  «Каспий меруерті Оперейтинг компани» мекемесінің аға инженері Ержан Абылханов, Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Нұрлан Тілепов, облыстық аурухананың кардиохирургиялық орталығының жетекшісі Жеңіс Қозыбаев және Ш.Есенов атындағы КМТжИУ аға оқытушысы Бауыржан Керимов студенттерді бағдарламаға қатысуға шақырып қана қоймай, өздері жобаға қалай қатысқанын қызықты етіп әңгімелеп берді. «Болашақ» бағдарламасы арқасында Маңғыстаудың мәртебесін арттыруға үлес қосып, халық игілігіне қызмет етудемін. Малайзия елінде оқып жүргенде АҚШ, Еуропа және Араб елдерінен келген студенттер бағдарлама жайында естігенде таң қалатын. Себебі, аталмыш бағдарлама ешбір елде құрылмаған, жастарға ондай мүмкіндік берілмеген. «Болашақ» арқасында біздің студенттер жолға кетер шығын, тұратын баспана жайында бас қатырмайды. Олардың басты мақсаты  тек сапалы білім алу болады»,  деді Е.Абылханов.

Жиын соңында «Болашақтықтар» студенттердің толғандырған сауалдарға жауаптар қайтарып, естелік суретке түсті.

Сонымен қоса, өткен аптада Маңғыстау облыстық сотында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізілді. Шараға облыстық сот төрағасы Д.Әміров, облыстық соттың судьялары мен кеңсе қызметкерлері, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қатысты.

Биыл Елбасы халыққа Жолдауын әдеттегіден ерте жариялап, оның себебін былай түсіндірді: «2007 жылы басталған дүниежүзілік дағдарыс өзінің қиын жағдайларын тәмамдаған жоқ. Сол дағдарыс әлі күнге дейін жүріп жатыр… Оның үстіне, Ресей мен Батыстың арасындағы бір-біріне санкция мәселелері бар, Таяу Шығыста орын алған жағдайлар бар. Осының барлығы Қазақстанға өз ықпалын тигізеді. Сондықтан, дағдарыс әлі жалғасып жатыр деп айтуға болады. Біз осыған қарсы шара қолдануымыз керек. Осыған байланысты мен Жолдауды ертерек жариялайын деп шештім». Өз сөзінде мемлекет басшысы алдағы екі-үш жылдың  бүкіл дүниеге де, елімізге де оңай болмайтынын айтты.

«Елбасының Жолдауын барлығыңыз тыңдадыңыздар. Онда көтерілген сұрақтар бүгінгі күн талабынан туындап отырған өзекті мәселелер екендігін баршаңыз жақсы білесіздер. Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған еліміз бен жеріміз халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында бүгінде тәуелсіз ел атанып, әлемді өзіне қаратып отыр. Бұдан әрі де дамып, өркендеу үшін сол ынтымағымызға қылау түсіріп алмауымыз керек. Елбасының айтып отырғаны осы. Мемлекеттің мемлекет болып қалыптасып, аяғынан нық тұруына сот жүйесінің де зор үлес қосқанын Мемлекет басшысы өткен жылғы судьялар съезінде қадап айтқан болатын. Осы орайда біз әрқашан да еліміздің өркендеп, қанат жаюына, дамыған отыз елдің қатарына қосылуына, ұлттар мен ұлыстар арасында татулық пен ынтымақты сақтауға дайын болып, өз үлесімізді қосуымыз керек»,  деді сот төрағасы Досжан Сарманқұлұлы.

Осыдан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясат бағдарламасын іске асыруда сот жүйесінің міндеттері туралы өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Президент еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап халықтың әл-ауқатын жақсартуға тырысты. Бүгінгі күні де әлемді жайлаған дағдарыстан шығу үшін, ең алдымен, халықтың жай-күйін жақсартуды көздеп отыр. Статистикаға сәйкес, халықтың әл-ауқаты неғұрлым төмен болса, қоғамда қылмыс пен құқықбұзушылық та көбейе беретіні белгілі. Судьялар аталған мәселелер дер кезінде шешілсе, бұл қоғамда қылмыс пен жемқорлықтың азаюына септігін тигізетіндігін айтады.

Шара соңында судьялар Елбасының Жолдауын, ұсыныстарын қызу қолдайтындарын білдірді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары