$ 446.49  475.38  4.79

Маңғыстау өңірінде кәсіпкерлер үшін тиісті жағдай жасалуда

Мұнайлы ауданының «бизнес-инкубаторында» тегін орналасу үшін ауылдық кәсіпкерлерге дәл осындай мерзім берілетін болады. Бұл туралы Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің Мұнайлы ауданы кәсіпкерлерімен Маңғыстау ауылында өткен көшпелі кездесуінің барысында белгілі болды, деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Кәсіпкерлермен кездесуге Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тәжібаев, аудандық Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрлан Сарбасов, Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы әкімшілік бөлім және бизнесті сервистік қолдау бөлімі басшылары Серік Ғұсман мен Үміт Меңдалиева, сондай-ақ «Маңғыстау индустриялық палатасы» ЗТБ төрағасы Махамбет Қажығалиев қатысты.

Серік Ғұсман кәсіпкерлерге облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы пайдалануға тапсыруды жоспарлап отырған жобаны таныстырды.

– КҚО-да кәсіпкерлер көптеген қызмет түрлерін тегін ала алады – бұл бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, сондай-ақ статистикалық есеп жасау; кеден процедуралары бойынша қызметтер; консультация беру және менеджмент жүйесін енгізу бойынша процестің өн-бойында болу; заңгерлік қызмет көрсету; маркетинг мәселелері бойынша қызметтер; ақпараттық технологияларға қызмет көрсету саласындағы консультациялар; мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар мен жер қойнауларын пайдаланушылар сатып алуларымен байланысты қызметтер. Сонымен қатар дөңгелек үстелдер, іскерлік кездесулер, тұсау кесерлер және басқа да іс-шараларды тегін өткізуге арналған конференц-залды алдын-ала броньдап қоюға болады. Бір сөзбен айтқанда, КҚО-да «бір терезе» қағидаты бойынша бизнес жүргізуге қажет жағдайлар жасалатын болады, – дейді Серік Гимиранұлы.

Махамбет Қажығалиев облыстық кәсіпкерлер палатасының тапсырысы бойынша сервистік қызметтер көрсететін ұйым басшысы ретінде кәсіпкерлердің бизнесті сервистік қолдау туралы сауалдарына жауап берді.

Мұнайлы ауданында бизнес-климатты жақсарту үшін жасалып жатқан жағдайлар жайлы Нұрлан Сарбасов айтып берді.

– Жақын күндері бизнес-инкубатор ашылады, оған аудан әкімдігі жеке ғимарат берген болатын. Сол жерде сауда саласы кәсіпкерлеріне арналған 200 орындық жабық және ашық базарлар орналасқан, жеке қазандығы бар. Ғимараттың өзінде кәсіпкерлер қажеттіліктері үшін 12 бөлме берілген. Біз де бизнесмендерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетпекшіміз. Ауданымыз жас болса да, серпінмен дамып, халық өсіп келеді, яғни кәсіпкерлер саны да жылдам қарқынмен көбеюде. Әрбір кәсіпкердің бизнес-инкубаторда болу мерзімін үш жылмен шектеуге мәжбүр болып отырмыз. Бір айта кететіні, 1 қазанға дейінгі ахуалына қарай аудан халқы 125 800 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш жөнінен облыстың басқа аудандарынан асып кетіп отырмыз. Туу немесе халықтың табиғи өсімі жылына 3 800 адам, бұл көрсеткіш бойынша тіпті республика көлемінде көшбасшылар қатарынан табыламыз. Ауданның әкімшілік шекарасы облыс орталығының аумағына жапсарлас жатқандықтан, басқа шалғай аудандарға қарағанда, бизнестің дамуы үшін, мүмкіндіктер де көбірек. Сондықтан да келешекте Мұнайлы ауданы облысымыздағы ауылдық кәсіпкерліктің өзінше бір көшбасшысына айналарына сеніміміз мол.

Қызықты да пайдалы кештің соңында облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен аудандық әкімдік өкілдері жиналған бизнесмендердің сұрақтарына жауап берді.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары