$ 444.22  476.38  4.82

Маңғыстаулықтарға «Сот кабинеті» жүйесі түсіндірілді

Маңғыстау облыстық сотында сот төрағасы Д.Әміровтың төрғалығымен «Сот кабинеті» электронды сервисін насихаттау және түсіндіру мәселелеріне арналған кезекті «дөңгелек үстел» өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Шараға Маңғыстау облысы әкімдігінің құрылымдық бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының, екінші деңгейлі банктердің өкілдері мен облыстық соттың бөлім басшылары мен мамандары, Салық департаментінің басшылары қатысты. 

«Сот кабинеті» - бұл халық үшін сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығына толықтай қол жеткізуіне мақсатталып жасалған, сот органдарының электрондық сервисіне кіруге арналған бірыңғай терезе. «Сот кабинеті» арқылы сотқа электронды түрде талап арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты барлық құжаттарды осы тәртіп арқылы қадағалап отыруға болады. Пайдаланушының қалаған уақытында сот құжаттарын қарауға, іс бойынша сот актілерін басып шығарып алуына мүмкіндігі бар.  

Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Д.Әміров «Сот кабинеті» сервисін облыста насихаттау және қолданысқа енгізу жұмыстары туралы айтып өтті.

- Елбасымыздың «Қазақстан-2050» бағдарламасын орындау мақсатында дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін әлемдік стандарттарға сай болуымыз керек. Соның бірі электронды басқару жүйесіне көшу. Электронды басқару жүйесінің елімізде қолданысқа енгізілгеніне жеті жылдай уақыт болды. Соның нәтижесінде халық қаншама уақыты мен қаражатын үнемдеуде. ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының тапсырмасымен сот жүйесінде де бірнеше электронды сервистер енгізіліп, құжатайналымдары электронды түрде жүргізілуде. Соның бірі – «Сот кабинеті» сервисі. Маңғыстау облыстық соты тарапынан жыл басынан бері «Сот кабинеті» туралы басылымдарда 24 мақала мен ақпараттар, телеарнадан 6 рет, радиодан 5 рет судьялар сөз сөйлеп, жүйенің тиімділігін насихаттады. Осы бағытта 13 семинар, 12 дөңгелек үстел шаралары өткізілсе, мекемелерге 152 хат жолданды. Алайда, халыққа «Сот кабинеті» жүйесінің тиімділігі қаншалықты насихатталғанымен, біздің облыста электронды түрде сотқа жүгіну көрсеткіші төмен. Сондықтан, Елбасымыздың тапсырмасын орындау мақсатында тағы да баршаңызды электронды құжат айналымын қолдануға шақырамын, - деді сот төрағасы.

Бүгінгі күні Республика бойынша «Сот кабинеті» арқылы сотқа 75 000-нан аса арыз-шағымдар түссе, Маңғыстау облысы бойынша 700-дей талап арыз, 2300 әртүрлі өтініштер түскен.

Жиында облыстық соттың бас маманы А.Айдарбаева көпшілікке слайд-шоу арқылы «Сот кабинеті» жүйесін пайдалану нұсқаулығын жан-жақты түсіндіріп, көпшіліктің сауалдарына жауап берді.

Шара соңында көпшілік «Сот кабинеті» сервисін қолдану туралы ұсыныстарды бірауыздан қабылдады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары