$ 448.15  483.46  4.86

Ақтау сапалы битум шығаруда

Жуырда Ақтау битум зауыты басшылығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды, деп жазады «Маңғыстау» газеті.

Ақтау битум зауыты өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен индустриаландыру күні іске қосылғаны белгілі. Ағымдағы жылдың 1-қазанында Елбасы Маңғыстау облысында болған сапарында да еліміз экономикасының өрге басуына елеулі үлес қосар жаңа өндіріс орнына арнайы тоқтап, жұмыс барысымен танысып, тың міндеттер жүктеген болатын. Журналистермен кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асып жатқан шаруалар жайында жан-жақты сөз болды. 2007 жылы зауыт құрылысы жөнінде шешім алынды. 2009 жылы отандық «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық «Сити» компаниясы арасында «КаспийБитум» БК ЖШС құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Міне, содан бергі қысқа мерзім ішінде айналасы атшаптырым алаңда зәулім құрылыс бой көтеріп үлгеріп, толық қуатында жұмыс істей бастады. 

– Зауытқа Қытай жағынан 232 миллион, отандық жеке кәсіпорындардан 58 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалды. Мұнда 11 шақырым жерден тартылып, құбыр арқылы жеткізіліп отырған «Қаражанбасмұнай» кен орнының тұтқырлығы жоғары мұнайы өңделеді,-дейді «КаспийБитум» БК ЖШС бас директорының бірінші орынбасары А.В.Арестов.

– Жобалық қуаты – 1 миллион тонна мұнай өңдеуге арналған кәсіпорында қазір күніне 120 тонна битум шығарылуда. Жылына 300 мың тонна тотыққан, күнделікті пайдаланатын қарапайым битум және 120 тонна полимерлі-модификацияланған, жоғары сапалы битум өндіріледі. 

Мекеме басшысы Ақтау битум зауытының еліміздегі өзге кәсіпорындардан артықшылығы  ретінде озық технологиялармен жабдықталуы арқасында жоғары сапалы битум шығара алатындығын мысалға келтірді. Негізінен республикалық маңызды жолдарға, әуежай құрылысына пайдалануға арналған, ыстық-суыққа төзімді битумның бұл түрі жолдың сапасын жақсартып ғана қоймайды, жол төсенішінің  қызмет ету мерзімін 1,5-2 есеге арттырады. Қазіргі таңда халықаралық стандарт талаптарына сай Ақтау битумы «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік трассасы, «Астана-Павлодар», «Астана-Теміртау», «Шымкент-Қызылорда», «Атырау- Ақтау» секілді республикалық маңызы бар көлік жолдары үшін қолданылуда.

Тамашалап, қызықтап тұрмыз. Азғана адам атанға жүк боларлық шаруаны дөңгелетіп жатыр. Пештен еріп, ыстық күйінде арнайы қаптарға құйылған битум қоймаларға жіберіліп, әбден салқындатылып, текшеленіп, жиналады екен. Тапсырыс берушілер керек кезінде қалағанынша алып кетеді. Салқын битум сапасын жоғалтпайды, жол салушылар дәл қажет кезінде алып, қыздырғандықтан электр қуаты, басқа да шығындарға көп жол берілмейді. 

– Зауыт ұжымы Президентіміздің «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымшылдықпен еңбек етуде. Еліміздің битумға деген жылдық қажеті 550 мың тонна десек, біздің кәсіпорынның өзі жылына 400 мың тонна өнім бере алады. Бұған Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары шығаратын битумды қосыңыз. Шет елге қол жаймай-ақ өз қажетімізді өтей  аламыз енді. Тіпті экспортқа өнім шығармақ та ойымыз бар,-дейді Алексей Викторович.

Тағы бір білген дерегіміз: зауыт құрылысына 900 адам тартылыпты. Штаттық кесте бойынша 282 адам қызметпен қамтылуы тиіс десек, күні бүгінде 217 маман жұмыс жасап жатыр. Есеп-қисапты шотқа салып, ақша үнемдеу де керек, әрине... Қыркүйек айында облыс әкімдігі бағдарламасы аясында 6 жас маман жұмысқа алыныпты. Тер төгіп жатқан жұмыскерлердің орташа жас мөлшері – 30 жас. Ұжым мүшелерінің 70 пайызы – облыс тұрғындары. 

– Бізде ешқандай қиындық жоқ. Белгілеген меже биігінен көрінетінімізге сенімдіміз. 110 градустық ыстық, сұйық битумды арнайы қапқа құйып, салқындатылған битум сақталатын қоймаларға жөнелтудеміз. Осыннан жер-жерде салынып жатқан жол құрылысына пайдалану үшін вагондарға тиеліп, темір жолмен еліміздің әр түкпіріне жол тартады,-деп қаптау цехының басшысы Еркін Әбіжанов есімді замандасымыз сөзге араласты.

Бір-бірімен жалғасқан сан-тізбекті процесті  автоматтандырылған тетіктермен шебер басқарып, тау-тау өнім алып, алыс шақырымдарға жөнелтіп, ел экономикасының артуына өзіндік үлес қосып жатқан жастар Ақтау битум зауытының келешегі келісті болатындығына сендіргендей.

Ақтау битум зауыты – республикалық мәнге ие инновациялық жоба. Аталған жобаның жүзеге асуының негізгі эконо-микалық тиімділігі сол – жол битумы мен басқа да жоғары қосымша құнды мұнай өнімдерінің кейбірі бойынша Маңғыстау облысының импортын азайтып, есесіне экспортын арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік туады.
Кездесуде «CASPI BITUM» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары және кәсіпорынның бас инженері С.Байсекенов өндірісті іске қосу жұмыстарымен таныстырған еді.

– «CASPI BITUM» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (Қытай Халық Республикасының «KPI» акционерлік қоғамы (50 пайыз) мен Қазақстан Республикасының «CITIC Kazakhstan» (50 пайыз) компаниясы кәсіпорынның құрылтайшылары болып табылады) Ақтау пластмассалар зауытында жол битумдарын өндіру жобасы Қазақстан Республикасында мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бағдарламасын дамыту шеңберінде жасалды,- деді Серік Жәлелұлы. – Бас жобалаушы «Қазақ мұнай және газ институты» акционерлік қоғамы жобалаған зауыт өндірісі Қазақ-стан Республикасының жол құрылысы сұранымын қанағаттандыру үшін жоға-ры сапалы жол битумдарын шығару мен жаңа жұмыс орындарын құруға бағыт-талды. Оның құрылысы «КазСтрой Сервис» Ұлттық мемлекеттік құрылыс компаниясы» акционерлік қоғамы (құрылыс-монтаж жұмыстары мен жалпы зауыт-тық шаруашылық құрал-жабдықтарын жеткізу) мен «CITIC Construction» компаниясы (ЭЛОУ-АВТ технологиялық құрал-жабдықтарын жеткізу, битумдарды түрлендіру мен қаптау) арқылы Қытайдың «BANK of CHINA» банкісінің қаржысы (жоба құнының 80 пайызы) мен жобаға қатысушылардың қаржысына (жоба құнының 20 пайызы) салынуда. Жылына Қаражанбас кенорнының 1 млн. тонна мұнайын шикізат ретінде пайдаланатын зауыт үстіміздегі жылғы желтоқсан айында іске қосылғаннан кейін жыл са-йын 406 мың тонна жол битумын (олардың ішінде 161 мың түрлендірілген битум), 255 мың тонна бензин-дизель фракциясы мен 330 мың тонна вакуумдық газойль шығарады. Атап айтсақ, 400 мың тоннадан кем емес көлемде БНД 60/90, БНД 90/130 маркаларындағы жол битумдары мен полимерлік түрлендірілген битумдар өндіреді. Полимерлік түрлендірілген битумдар аяз бен ыстыққа және ескіріп-тозуға төзімді қасиеттеріне байланысты жолдың пайдаланылу мерзімін ұзартады және жөндеу шығындарын айтарлықтай азайтады.

«Битум зауыты-асфальттық бетон өндіру жөніндегі зауыттар-асфальттық бетон төсеу орны» жолында битум сапасын жоғалтпау үшін Ақтау битум зауытында Қазақстанда тұңғыш рет жол битумын бір жолы пайдаланылатын екі түрлі тасымалдау ыдысы – Биг-Беги (1000 келі) мен пластикалық қаптарға (40 келі) қаптау жөніндегі инновациялық технология қарастырылды. Қапталған салқын битумды пайдалану тек материалдың бұрынғы физикалық-химиялық ерекшеліктерін сақтап қана қоймайды, сонымен бірге асфальттық бетон зауыттарында үлкен көлемді битум қоймаларында битумды балқыған күйінде ұстауға кететін шығындарды қысқарту есебінен үнемдеуге қол жеткізеді.
Жобаны іске асыру 2010-2014 жыл-дарға арналған Қазақстан Республи-касының үдемелі индустриялық-инно-вациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта зауыттың технологиялық блоктары бойынша (ЭЛОУ-АВТ, битумдарды түрлендіру мен қаптау блоктары) технологиялық құрал-жабдықтар монтаждалып, сынақтан өткізілді, бүгінде іске қосу шаралары жүзеге асырылуда-«салқындай» сынақтан өткізу мен ауамен үрлеу аяқталды. Бумен үрлеу мен «ыстықтай» сынақтан өткізу үшін әзірлік жұмыстары жүргізілуде, бұл үшін 980 тонна көлемінде резервуарға пеш отыны қабылданды. Қаражанбас кенорнынан резервуарларға 25 мың тонна мұнай түсті.

Жалпы зауыттық шаруашылық бойынша транформаторлық подстанса, ТП16-6, КРУН, компрессорлық станса, жылу қазандығы, су әзірлеу стансасы бойынша іске қосу мен жұмысын жолға қою істері аяқталды. ДГО-ға су беру, резервуарлық парктер, сораптық жүйе, темір жол эстакадасы, автокөлікпен су құю орны жұмыс жасауда.

Бұл ірі жоба шет елдерге экспортқа өнімдер шығаратын кәсіпорын Қазақстанда еуропалық стандарттарға сәйкес келетін даңғыл жолдар салуға мұрындық болады деп сенеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары