Таяуда облыстық, қалалық прокуратура мен Ақтау қалалық жастар саясаты орталығы бірлесіп, жаңа бастаманы қолға алды. Аталмыш орталықтың 15 жас еріктісі жиналып, «Ақтау» сауда-ойын сауық орталығында «Алимент – қарыз емес, парыз!» тақырыбында акция ұйымдастырды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Бұл шараның мақсаты – безбүйрек әкелердің перзенті алдындағы міндеттерін еске түсіру және алиментін өтеуге шақыру. Сондай-ақ шаңырағы шайқалып, ажырасқан отбасылардың кикілжіңінде балалардың кінәсіз екендігін көрсету», – дейді қалалық жастар саясаты орталығы, зерттеу және болжау бөлімінің жетекшісі Дәулет Сағынтаев.
Акция барысында жастар «Ақтау» сауда орталығында жүрген қала тұрғындарына «Бейкүнә балалар зардап шекпеуі керек, себебі олардың кінәсі жоқ», «Арыңды оят – Алимент төле» деген сөздер жазылған парақшаларды таратты. Бұл шара қала тұрғындарына алименттің мән-мағынасын түсіндіруге бағытталып отыр.
Айта кетейік, статистика бойынша Ақтау қаласында төрт мыңнан астам алимент төлейтін ата-ана тұрады. Оның 600-ден астамы балаға ай сайын ақша төлеуге дәрменсіз екен.