$ 449.58  486.94  4.86

Ілияс Сүлейменов қарсыласын нокаутпен жеңді

Қазақстан боксшысы Ілияс Сүлейменов AIBA Pro Boxing-нің 2016 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирінде екінші рет жеңіске жетті,  деп хабарлайды Vesti.kz.

52 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Ілияс Сүлейменов Новосібірде 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, алжирлік Мохаммед Флиссимен кездесті.

Бірінші раундта қазылар жеңісті бірауыздан Ілияс Сүлейменовке берді. Екінші раундта екі рефери қазақстандыққа 10:9 деген баға берді, ал біреуі Флиссиді сондай көрсеткішпен бағалады. Ал үшінші раундта Ілияс жойқын соққыларымен  алжирлік қарсыласын нокаутқа түсірді. Сүлейменовтің келесі жекпе-жегі 20 желтоқсанда өтеді.

Еске сала кетейік, мұның алдында Ілияс Сүлейменов өзбекстандық Ясурбек Латиповпен кездескен еді. Қазақстан боксшысы оны 3:0 (60:54, 58:56, 60:54) есебімен жеңген болатын. 2015 жылдың қаңтарында аяқталатын AIBA Pro Boxing турнирі – Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға іріктеудің бірінші кезеңі. Әр салмақ дәрежесі бойынша лицензия сегіз боксшының ішінен AIBA алдын ала іріктеген екі үздік үміткерге беріледі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары