$ 449.58  486.94  4.86

Маңғыстау өңірінде темір-бетон бұйымдарын дайындайтын комбинат ашылды

«КИС-Ақтау» ЖШС индустриялық құрылыс комбинаты өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Аталмыш комбинат «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Мамандардың айтуынша, жаңадан ашылған өндіріс орны өңірді тұрғын үй құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдарымен толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.

Жаңа комбинаттың өндірістік қуаты жылына 50 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Аталмыш комбинат жыл сайын 100 мың шаршы метрден асатын тұрғын үйді пайдалануға бере алады. Комбинатта жаңа технологияны қолдану арқылы дайындалған темір-бетон бұйымдары, сондай-ақ көлденең тосқауылдар, тіреуіштер, лифт шахталары және үйдің басқа да стандартты емес элементтері шығарылады. 

«Бұйымдар қыздырылған металл еденде жасалады және алдын ала сым арматура пайдаланылады. Құрастырушы машина рельс бойымен қозғалып, өзінің артынан үздіксіз темір-бетон лентасын қалдырады. Ал бұл лента жылу шығармайтын материалмен қапталып, қыздырылып, қажетті ұзындықтарға кесіледі. Өндірісте жергілікті өндірушілердің шикізаты пайдаланылады. Жоба құны 600 млн теңгені құрап отыр. Біз жұмысқа Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданындағы Жетібай ауылының тұрғындарын қабылдауды жоспарлап отырмыз. Комбинатта 80-ге жуық адам еңбекпен қамтылады. Тұрмыстық жағдайлар жасалған, жатақхана салынды», - дейді «КИС-Ақтау» ЖШС директоры Алмаз Сатанов. 

Аталмыш өндіріс Маңғыстау облысының индустрияландыру картасына енген. Модульді тұрғын үй құрылысының технологиясы қысқа мерзімде көп қабатты үйлер, балабақша, ауруханалар мен білім ордаларын салуға мүмкіндік береді. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары