$ 448.15  483.46  4.86

«Интеллект-2014» зияткерлік сайысының жеңімпаздары анықталды

Ақтауда «Интеллект-2014» зияткерлік сайысының финалдық ойыны өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz Ақтау қаласының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Студенттердің ой-біліктілігін арттыру мақсатында Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған зияткерлік сайыстың ақтық кезеңіне әрбірі 5 ойыншыдан құралған 4 топ жолдама алған болатын. Командалар жыл бойғы іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, финалдық ойында бақтары мен баптарын қатар сынады.

Бұл сайысқа Ақтау қаласындағы барлық жоғары, техникалық және арнайы оқу орындары студенттері қатысты. Сайыс кезең-кезеңімен жыл бойына жалғасып, ашық чемпионат форматында ұйымдастырылды.

Студент жастардың тарихи, мәдени және рухани дүниетанымын кеңейте отырып, елін сүюге тәрбиелеу, жылдам ойлап, шапшаң шешім қабылдауға бейімдеу және білімге деген ықыласын арттыру ­– сайыстың басты міндеттері.

Ақтық ойын барысында, саяси сұрақтар, тарих, жағрафия, әдебиет саласы бойынша және ой сергітерлік логикалық, бейне сұрақтар қойылды. Мемлекеттік мерекелер қарсаңында өткен сайыста студенттерге қойылған сұрақтардың басым бөлімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және Тәуелсіз Қазақстанмен тығыз байланысты болды.

Қатысушылардың белсенділігін қазылар алқасы балдық жүйемен бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Финалға өткен үздік топтар арасынан жеңімпаз атанып, бас жүлдені қанжығасына байлаған «МГТУ қырандары» тобы болды. Сайыстың І орын жүлдесі Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетінің студенттерінен құралған «Зияткер» тобына бұйырды. Ал, ақтық сында жүлделі ІІ орынды Маңғыстау Гуманитарлық колледжінің «Intellect» құрамасы және ІІІ орынды Маңғыстау Туризм колледжінің «Шаңырақ» тобы иеленді. Аталған финалдық бәсекеде оза шапқан жүйріктер ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен арнайы сертификаттарға ие болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары