$ 443.85  474.3  4.8

Журналистикадағы өзекті мәселелер сарапшылардың назарында

Ақтауда өтіп жатқан медиаынтымақтастық конгрессінде отандық журналистикадағы өзекті мәселелер қызу талқыға түсті, деп хабарлайды SkifNews.kz.

Конгрессте мамандар айтқан әлеуметтік сауалнамалардың көрсеткіші бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі телеарналар арқылы хабар алады. Алайда, соңғы жылдары интернет журналистика дамып келеді. Ал, бұл елімізде  интернетті қолданушы отандастарымыздың аз емес екенін көрсетеді.

Қазақстанның толық интернетпен қамтамасыз етілмегендігін сылтауратып, трафиктің аздығын сөз қылған медиа ұйым жетекшілеріне «New Qazak Media» компаниясының басшысы Жалғас Ертай Mail.ru,Vk.com сайттарындағы трафиктің екі миллионға жуығы қазақстандықтардың үлесінде екенін айтып, бар проблема медиа ұйымның ұсынатын контентінің сапасында екенін алға тартты.

«Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Айдос Қыдырма ұлттық салт, әдет ғұрыпымызды насихаттайтын өтімді өнімдер жасауға болатындығын ұсынғанымен, Жалғас Ертай ұлттық дүниелерді жасаумен шұғылданатын порталдарды мемлекеттің көмегіне үйреніп қалған «Жасанды даму» порталына жатқызды да, сапалы контенттер шығарып, жарнамасы жүріп тұрған «Табиғи дамудағы» порталдардың жоқтығын айтты.

Мәселенің түп-төркінін журналистердің әлеуметтік жағдайынан іздегендер де болды. «Қаламгер» медиа-холдингінің бас диркторы Жанарбек Әшімжан журналистердің мәртебесін көтеріп, баспанамен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік жағдайын қарастыруды айтты. Алайда бұл ұсыныспен қолға қалам алған жарты қазақстандықтардың жағдайын жақсарту мүмкін емес деп әзіл аралас қарсы сыни пікірін білдіргендер де табылды. 

Ақыры сапалы контенттерді туғызатын сапалы журналистердің қажеттілігіне тоқталды. Қазақстан журналистер одағының президенті Сейтқазы Матаевтың айтуынша, журфакты бітірген мамандардың жартысы талапқа сай емес. Мұны қызметтегі журналистер де мақұлдап, журфакта алған білімнің тәжірибеде пайдаға аспағандығын, журналистке қажетті нәрсені қызмет бабында жинағанын айтты. 

Осылайша проблеманың шешімін бірі айдан, енді бірі сайдан іздеп, газет тілшілері баспасөз құралын жақтаса, интернет медиа мамандары сапаны трафикпен өлшеп, әйтеуір бір әлеуметтік сауалнамалар мен рейтинг ұйымдарының көрсеткіштерін алға тартып, заманауи журналистиканың қалыбын жеткізуге тырысты.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары Эльдар Толғанбаев конгресстің алғашқы күнінде айтылған басқа да пікірлер мен ұсыныстарды ескеріп, алдағы уақытта нәтижелі жұмыс жасауға ықпалы тиетіндігін айттып өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары