$ 448.15  483.46  4.86

Маңғыстау өңірінде Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар басталып кетті

Жаңаөзен қаласында белгілі мұнайшы, қаламгер-жазушы, Өзен мұнай газ өндіру басқармасының алғашқы басшысы Рахмет Өтесіновтің бюсті ашылды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Салтанатты шараға «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров, Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Трұмов, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қайырбек Елеусінов, Р.Өтесіновтің жұбайы С.Қарабалина және балалары, үзеңгілес жұмыс істеген мұнай саласының ардақтылары, жаңаөзендік жұртшылық қатысты.

«Рахмет Өтесінұлы 1964-70 жылдары Өзен мұнай газ өндіру басқармасының алғашқы басшысы болды. Мұнай саласында шыңдалып өскен майталман маман сол кездері жаңадан ашылған Өзен кенорнының игерілуіне, қалыптасуына орасан зор еңбек сіңірді. Жаңаөзен қаласының ірге тасын да абзал азамат өз қолымен құйды. Ештеңе жоқ сары далада алып кенорынды игеру, жаңадан қала салу тек Рахмет Өтесінұлы секілді алыптардың ғана қолынан келетін іс. Біз осындай ел ардақтасын мақтан тұтуды, ардақтап отыруды өзіміздің борышымыз санаймыз. Болашақ ұрпақтың жадында сақтау үшін Р.Өтесінұлы атындағы спорт кешенінің жанынан Р.Өтесіновтің бюстін ашуды көздеген едік. Баршаңызға мереке оң болсын», – деді «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның  бас директор Мақсат Ибағаров.

Сонымен қатар, осы күні Өзен кенорнының ең алғашқы мұнай бұрқағы алынған №1 скважина монументі ашылды. Монумент «Өзенмұнайгаз» АҚ 50 жылдық мерейтойына орай қайтадан жаңғыртылып отыр.

«1961-жылы Өзен кенорнынан алғашқы бұрқағы алынды деген хабар сол кездегі Кеңестік республикалардағы ең үлкен жаңалықтың бірі болды. Өйткені, Өзен кенорны секілді мұнай қоры мен оның құрамының аса бай болуы әлемде өте сирек кездесетін құбылыс. №1 скважинадан атқылаған алғашқы мұнай тамшысы Жаңаөзен қаласының болашақ тағдырын шешті, Маңғыстау өңірінің индустриялық өмірінің алғашқы күнінің бірі болды. Сол себепті, мен дәл осы мұнайдың алғашқы тамшысы жарыққа шыққан жерді киелі деп есептеймін. Оны қазіргі жас буынның, болашақ ұрпақтың ұмытуға, тәу етпеуге қақысы жоқ. Ал осы жерде қайтадан жаңғырып, іске қосылған монумент Өзеннің өткен өмірінің тірі куәгері болып тұра береді деп есептеймін», – деді салтанатты шараға қатысқан ел ардақтысы Нұрлыхан Бекбосынов.

Шара барысында бірқатар мұнай ардагерлері «Өзенмұнайгаз» АҚ 50 жылдық мерейтойына орай мерекелік төсбелгілермен марапатталды.

Айта кетейік, Өзенмұнайгаз– мұнай және газ өндіруші кәсіпорын. 1961 ж. ашылған «Өзен» кенішінің негізінде 1965 жылдан «Өзенмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы ретінде жұмыс істей бастады. 1966 ж. 10 шілдесінде «Өзен» кен орнынан алғашқы миллион тонна мұнай өндірілсе, 1980 ж. 150 млн. т. мұнай өндірілді. 1994 ж. қазан айынан осы атпен өндірістік бірлестікке айналды. 1996 жылғы сәуірден ААҚ болып қайта құрылды, 24 өндірістік бөлімшені қамтиды. Акцияларының 90%-ы «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясына, 10%-ы еңбек ұжымына тиесілі.

Бүгінде «Өзен» ААҚ-ның балансында 11 кеніш бар, өндіріп алынатын мұнай қоры 204 млн. т, конденсат қоры 1,5 млн. т және газ қоры 22 млрд. м3Қоры жағынан олардың ең ірілері – «Өзен» және «Қарамандыбас» кеніштері. Пайдаланудағы мұнай ұңғымасы – 3583, газ ұңғымасы – 82 (2001). Кәсіпорын құрамында газ өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Өндірілген мұнай ТМД елдеріне және шетелдерге шығарылады. 1997 жылдың 31 шілдесінен стратегиялық инвесторды таңдау жөніндегі халықаралық тендерді Қытай ұлттық мұнай корпорациясы жеңіп алды. 2004 ж. «Филиалды заңды тұлғаға тіркеу» қаулысына сәйкес «Қазмұнайгаз» біріккен өндірістік АҚ-нда, «Өзен» өндірістік филиалы пайда болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары