$ 443.85  474.3  4.8

Қазақстан мен Иран мемлекеті арасындағы байланыс күшейіп келеді

Ақтауда  «қазақша-парысша-ағылшынша тілашар кітабы» жарық көрді. Бұл кітап  – парсы және ағылшын тілдерін қолданатын елдерге сапар шегуші азаматтарға маңызды, деп хабарлайды Skіfnews.kz.

Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мен Ақтаудағы №28 орта мектептің оқытушылары ерлі-зайыпты Нияз Тобыш пен Жұмагүл Пилтан үш тілде – «Қазақша-парсыша-ағылшынша Тілашар» атты кітапты баспадан шығарды. Қалың оқырманға ұсынылып отырған бұл кітап – парсы және ағылшын тілдерін қолданатын елдерге сапар шегуші қазақcтандықтарға арналған. Осы кітап арқылы олар екі тілде күнделікті өмірде емін-еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік алады.

Каспий теңізінің жағасында орналасқан  Иран және Маңғыс­тау елдері ежелден суда кеме, құрлықта керуен арқылы сауда-саттық жасап, тығыз байланыста болғаны тарихтан белгілі. Маңғыстау байырғы Ұлы Жібек жолындағы ең тиімді орындардың бірі болған. Бүгін де сол ата-бабаларымыз салып кеткен көне жолды жаңғыртуға, ғылым мен техникаға сүйеніп қарым-қатынас желілерін барынша дамытуға, көрші халық­тармен байланысымызды не­ғұрлым жаңа дәуір талабына сай кеңейтуге мүмкіндік ашылып отыр. Бұл жөнінде Президентіміз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында да айрықша атап өтті. «Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркез де өмір пайда болған және дамып отырған» дей келіп Үкіметке елімізде жан-жақпен байланыстыратын көлік желісін салуды тапсырды. Аталмыш еңбектің Маңғыстау аймағы, жалпы қазақ елі тұрғындарына пайдасы тиер тұсты нақты меңзейтін болсақ, онда дәл қазір салынып біткен  Жаңаөзен - Қызылқия - Берекет - Этрек - Горган теміржолын тілге тиек ете аламыз. 

Кезінде Одақ шеңберінен шық­пай, тек қана орыс тілін білсек болады деп келген біздердің бүгінгі таңда шекараларымызды айқара ашып, дүниенің төрт түкпірінен достық, серіктестік ниетпен келушілерді құшақ жая қарсы алып жатқан жайымыз бар. Өз аяғымыз да дүниенің кез келген жеріне жететін болды.

Кітап Астанадағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің Мәдени Өкілдігінің демеуші­лігі арқасында шыққан. Қазақ тілді оқырманға арналған 297 беттік бұл кітап түрлі 64 тақырыпты, сондай-ақ екі (біріншісі қазақ, ал екіншісі ағылшын сөздерімен басталатын) сөздікті қамтиды. Оқуға оңай болу үшін парсы және ағылшын тілдеріндегі сөз, тіркес және сөйлемдердің оқылуы «транскрипциясы» қазіргі қазақ тілінің әліпбиімен жазылды. 

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылы  Елбасы Нұрсұлтан Назабаев пен Иранның 6-шы президенті Махмұд Ахмадинежад кездескен болатын. Кездесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Иран арасындағы саяси және сауда-экономикалық ын­тымақтастықты дамытудың перс­пективаларын талқылады. Қазақстан басшысы Иранның саяси және экономикалық салма­ғы­на байланысты Иран Ислам әлемінде ғана емес, халық­аралық аренада да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.Мыса­лы, Қазақстан мен Иранның тауар айналымы соңғы алты жылда бес есе өсіп, 2008 жылдың қорытын­ды­сы бойынша 2,1 миллиард дол­лар­ды құрады. Алдағы жылдары оның көлемі арта түседі деген болжам бар. Себебі, екі елдің өзара тауар алмасуларды арттыруға мүмкін­дік­тері жеткілікті. Елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстар­ды дамытуға Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкімет­ара­лық комиссияның, сондай-ақ Қа­зақстан-Иран іскерлер кеңесінің белсенді жұмысы ерекше үлес қосты.

Қазақстан бүгінде көптеген шет елдермен тығыз қатынастар орната білді. Оның ішінде көршілес Иран Ис­лам Республикасымен де. Осы тұс­та атап өтейік, Қазақстан ирандық тарапқа мәшине жасау, инфрақұрылым, көлік, телеком­му­ни­кация салаларындағы нысан­дар­ды инвестициялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Сонымен бірге, біздің ел үшін Өзен–Қы­зыл­қия­–Берекет–Этрек–Горган бағы­ты бойынша темір жол құры­лысы жобасын жүзеге асыру аса тиімді болмақ. Осы темір жол ар­қылы Қазақстан Иран аумағымен өз жүктерін Парсы шығанағына тасымалдай алады. Және бері қарай жүк жеткізуге де мүмкіндік туады. Бұл жоба осы темір жол бағытын пайдаланатын барлық мемлекеттер үшін тиімді болар еді.

Кездесу барысындағы әңгімеде Нұрсұлтан Назарбаев пен Махмұд Ахмадинежад Каспий теңізіне қа­тысты мәселеге де ерекше назар аудар­ды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Каспий теңізі аймағында көршілік қатынастарды қамтамасыз етудегі өз саясатына сенімді екенді­гін және сыртқы шекарасы мем­ле­кеттік болып саналатын 22-25 миль дербес аймақ белгілеуді аса қажет деп есептейтінін атап өтті. Елба­сы­ның сөзіне қарағанда, осындай бітімгершілік шешім Каспий жа­ға­лауындағы барлық елдердің мүд­де­сін қанағаттандырады және теңізде өзара табысты іс-қимыл жүргізуге мүмкіндік береді. Мемлекет бас­шылары Каспий теңізінде қауіп­сіз­дік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде елдердің шекара, кеден қыз­меттері мен құқық қорғау ведом­ство­лары арасында өзара ынты­мақ­тастық орнату жайы туралы пікір алмасты. Өзара тиімді бұл мәселені қа­зақстандық тарап ұсынған болатын.

Президенттер назарынан мә­де­ни-гуманитарлық ынтымақтас­тық­ты әрі қарай дамыту мәселесі де тыс қалмады. Қазақстан Теһран­дағы “Пардис” ақпараттық техно­ло­гиялар паркінде қазақтың белгілі ғалымы Қаныш Сәтбаевқа ескерт­кіш ашу жөніндегі ұсынысы үшін Иран жағына алғысын білдірді. Жақында қазақ диаспорасы жи­на­қы орналасқан Гүлстан провин­ция­сының орталығы – Горган қала­сын­да ашылған Қазақстанның бас консулдығы да біздің халықтар арасындағы байланыстарды нығай­туға ықпал етеді.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Мах­мұд Ахмадинежадтың оңаша кез­десуі аяқталғаннан кейін мемлекет басшыларының қатысуымен кеңей­тіл­ген құрамдағы келіссөздер бас­талды. Онда тараптар негізінен ай­мақтық және жаһандық өзекті де өткір мәселелер жөнінде пікір ал­масты. Оның ішінде Таяу Шығыс­тағы жағдай, Ауғанстанды эконо­ми­калық жағынан оңалту мәселе­лері де бар. Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қаты­нас Қазақ­стан тәуелсіздігінің 17 жылы ішінде қарқынды өсіп келеді деп айтуға болады, деді Нұрсұлтан На­зар­баев келіссөздер басында сөй­леген сөзінде. Сауда-экономикалық және саяси салалардағы байланыс­тарымыз бір-бірімен үйлесіп жатыр. Махмұд Ахмадинежад мырзамен болған жеке кездесуде екі елдің бар­лық саладағы қатынастары жө­нінде еркін пікір алмастық. Негізгі мәселелердің бірі –­ екі елдің ара­сында сауда айналымын ұлғайту және қазіргі әлемдік қаржы дағ­да­рысынан шығудың жолдары болды. Ең қуантатыны, соңғы алты жыл­дың ішінде екі елдің сауда айна­лы­мы бес есе өсіп, 400 миллион дол­лардан 2,1 миллиард долларға жет­кені. Бірақ мұның өзі мүмкіндік­тер­ден төмен. Байланыс пен көлік са­лаларын дамыту негізгі мәселе­лер­дің бірі деп келістік. Каспий те­ңізі мәселесі туралы да пікір алмастық.

Бұдан кейін сөзді Махмұд Ахма­динежад алып, кездесуде талқыланған мәселелерге тоқталды. Бауырлас иран халқының атынан Қазақстанға сапармен келіп отыр­мын, деді Иран басшысы. Біздердің тарихи-мәдени байланыстарымыз тереңде жатыр. Соңғы 17 жылда біздің қатынастарымыз күн санап артып келеді. Қазақстан Президенті атап өткендей, кездесуде біз екі ел­дің барлық саладағы ынтымақ­тас­ты­ғына қатысты мәселелерді тал­қы­ладық. Сауда, инвестиция, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ аймақтық және халық­ара­лық мәселелерге де баса назар аударылды. Талқыланған мәселе­лер­дің барлығы бойынша біздің көзқарасымыз бен ұстанымдары­мыз өте жақын келіп тұрды. Соны­мен қатар, кездесуде қаржы дағ­да­рысына қарсы тұрудың барлық аспектілері де талқыланды. Оның салдарын жою жағына да ерекше на­зар аударылды. Осыған байла­ныс­ты Президент мырзаның бар­лық идеяларымен келістік. Біз бір­лесе отырып осы қаржы дағдары­сын еңсеруге болатынын бағам­дадық.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз нәтижелі аяқталған соң, Нұрсұлтан Назарбаев пен Махмұд Ахмади­не­жад жоғары деңгейде өткен кездесу мен келіссөздер қорытындысы жайлы қазақстандық және ирандық БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлім­деме жасады.

Елімізге алғаш рет ресми са­пар­мен келген Иран Ислам Респуб­ли­ка­сының Президенті Махмұд Ахма­динежад мырзаға алғысын білдірген Қазақстан Президенті алдымен екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға тоқталды. Каспий те­ңізі біздердің ерекше құндылы­ғымыз болып табылады, деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Кездесуде Қа­зақстан мен Иран арасындағы сауда айналымын дамыту, теңіздің бойымен темір жол және автокөлік жолын салу, Каспий теңізіне қа­тыс­ты ауқымды мәселелер талқы­лан­ды. Сонымен қатар, мәдени-гу­манитарлық байланыстарды жан­дан­дыру қажеттігі де атап көрсе­тілді. Оның ішінде авиация қаты­насын орнату, туризмді дамыту мәселесі де бар.

Қазақстан басшысының атап өткеніндей, кездесуде өңірлік қауіп­­сіздікті қамтамасыз ету жайы ке­ңі­нен талқыланып, Каспий те­ңізімен мұнай және астық тасымалдау жө­нін­дегі уағдаластыққа қол жеткізіл­ген. Осы және өзге де келісімдер Қазақстан мен Иран қатынастарын әрі қарай дамытуға қызмет ететін болады. Біз Каспий теңізінен бе­кі­ре балығын аулауға он жыл мора­торий жариялауға келістік, деді Қа­зақ­стан басшысы. Мұндай тәжірибе 1947 жылы қолданылған. Бұл тә­жірибе кезінде өзінің оң нәтижесін берген болатын. 2007 жылы Теһ­ран­ға сапарым кезінде Иран және Түркіменстан президенттерімен темір жол магистралі құрылысын салу туралы келісімге қол қойған едік. Бұл жоба Қазақстанның Пар­сы шығанағына шығуына жол аша­ды. Кездесуде өңірлік және жа­һан­дық өткір проблемаларға да ерекше назар аударылған. Қазақстан бас­шы­сының атап өтуінше, оның ішін­де Таяу Шығыстағы жағдай, Ауғанстанды экономикалық тұрақ­тандыру сияқты өткір мәселелер бар. Мемлекет басшылары, сондай-ақ “ядролық” тақырыпты да тал­қы­лаған. Қазақстан аймақта бейбіт­шілік орнауын әрқашан жақтап келеді, алдағы уақытта да жақтай бере­ді, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы жөнінде. Иран әлемдегі өзге мемлекеттер сияқты бейбіт мақсат­та энергия өндіруге толық құқығы бар. Қазақстан Ресей мен АҚШ-тың өз елдерінде ядролық қаруды ай­тарлықтай қысқартуға ұмтылысы жө­ніндегі мәлімдемелерін қол­дайды.

Қазақстан Президенті, сондай-ақ АҚШ Президенті Барак Оба­ма­ның 5 сәуірде Прагада жасаған Құрама Штаттары Жер шарындағы ядролық қарусыз әлем орнатуға мүд­де мен бір-біріне құрмет негі­зінде Иранмен үнқатысуға дайын екендігі жөніндегі мәлімдемесіне құрметпен қарайтындығын да атап өтті. Егер ядролық отын банкі құ­рылатын болса, деді Қазақстан бас­шысы осы жайында, біз ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойған және өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде оны бізде орналастыру мүмкіндігін қарастыра аламыз.

Ал Махмұд Ахмадинежад өз сө­зіне Қазақстан басшысымен кез­де­су барысында талқыланған және пі­кір алмасқан кең көлемдегі мәсе­лелерді арқау етті. Иран Прези­денті­нің мәлім еткеніндей, Иран мен Қазақстан арасындағы ынты­мақ­тастық уақыт өткен сайын жақ­са­рып, бүгінде жаңа сатыға көте­ріл­ді. Президент Назарбаевпен болған кездесу барысындағы әңгімеде екі елдің сауда-экономикалық, мәде­ни-гуманитарлық мәселелермен қатар, өңірлік және жаһандық өзек­ті проблемалар жайы да кеңі­нен талқыланып, солар жайында келелі пікірлер алмасылды. Иран Президенті, сондай-ақ өзекті проб­лемалар бойынша екі елдің ұста­ным­дарында алшақтық жоқ екенін де атап өтті.

Махмұд Ахмадинежад кездесу мен келіссөздерде тараптар әлемдік қаржы дағдарысына байланысты ауқымды мәселелер қарастырылға­ны­на да тоқталды. Иран Прези­денті­нің хабардар етуінше, бүкіл әлем елдерінің мойнына түсіп отыр­ған қаржы дағдарысының сал­дарын бірлесу арқылы ғана жоюға болады. Бұл мәселеде ол Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық идеяларын қолдайтындығын мәлімдеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары