$ 443.35  475.54  4.82

Маңғыстау өңірінінің экономикалық әлеуетін көтеретін «Өзен-Берекет-Гөрган» теміржол магистралі пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан және Иран президенттерімен бірге «Өзен-Берекет-Гөрган» халықаралық теміржол магистралінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акяйла стансасына келген мемлекет басшыларына «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» жаңа теміржол магистралі таныстырылды.

Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесі барысында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев үш ел президенттерін теміржол құрылысының аяқталуымен құттықтады.

– Біз жолдың қазақстандық бөлігін былтыр Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовпен бірге салтанатты түрде іске қостық. Енді бұл магистраль үш елді жалғайтын болады, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы халықаралық магистральді іске қосу өңір экономикасы үшін жаңа перспективалар ашатынын айтты.

– Біздің мемлекеттерімізде өңірлік нарық пен Азия нарығына бағдарланған өндірістің маңызы артады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті біздің республиканың теміржолдары арқылы бүкіл өңір Ресеймен және Қытаймен экономикалық ынтымақтасу мүмкіндігіне ие болатынын еске салды.

Бұдан кейін Түрікменстан мен Иранның шекарасында үш ел президенттерінің қатысуымен түйістіруші «алтын төсемді» қою рәсім өтті. 

Ал Иран тарапына өткеннен кейін мемлекет басшылары үшжақты кездесу өткізіп, оның барысында жаңа көлік магистралінің стратегиялық маңызын атап көрсетті.

Тараптар сондай-ақ көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту, жаңа автомобиль жолдары мен теміржолдар құрылысын, логистикалық орталықтар салу саласындағы тың бастамаларды талқылады. Сонымен бірге шекаралас аймақтардағы ынтымақтастықты дамыту, еркін экономикалық аймақтар құру және инвестициялық ықпалдасу мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшылары сауданы жандандыру бағыттарын анықтайтын, сондай-ақ көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылдың болашағын зерделейтін жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан, Иран және Түрікменстан Президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, оның барысында үш елдің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейту қажеттігіне сенімді екендіктерін білдірді. 

Қазақстан Президенті заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдың өзектілігін атап өтті.

– Біз бүгін біздің үш ел мен Қытай арқылы Тынық мұхитқа дейін іс жүзінде жаңа Жібек жолын салдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» жаңа теміржол магистралі қазірдің өзінде экономикалық тиімділік әкеліп отырғанын және өзара саудадағы қажеттілікті өтеуге қабілетті екеніне де тоқталды.

–Қазақстан былтыр Иранға 1 миллион тонна бидай жеткізді, ал Парсы шығанағының қажеттілігі 9-10 миллион тоннаны құрайды. Біз болат, минералды тыңайтқыш, өзге де қазақстандық өнімдерді жеткізгелі отырмыз. Тиісінше Түрікменстан мен Ираннан қажетті тауарлар аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің ел Иран мен Түрікменстанға теміржолға арналған машиналар жасау саласындағы отандық өнімдерімізді, соның ішінде тепловоздар, жүк және жолаушы вагондарын жеткізу туралы ұсыныс енгізгенін мәлімдеді. Соңында үш мемлекеттің басшылары жаңа теміржолдың іске қосылуы бүкіл өңірдің дамуына оң ықпалын тигізетінін атап айтты.

Айта кетейік, осыған дейін Елбасы ресми сапармен Түрікменстанның астанасы Ашғабадқа келген болатын. Сапар барысында екіжақты әріптестіктің маңызды қырлары, әсіресе, сауда-экономикалық, көліктік және аймақтық қарым-қатынастар мәселелері талқыланды. Қазақстан президенті Нұрсілтан Назарбаев мен Түркменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтың кездесуі барысында екі мемлекет арасындағы достық пен әріптестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін байланыстар жайы әңгіме өзегіне айналды.

Қазақстан мен Түрікменстан арасында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі байланыс бар. Көршілес жатқан мемлекеттердің тарихы да, діні мен ділі де, тіпті, тілі де бір тамырдан бастау алады. Екі мемлекет халқы ұдайы әрі тығыз араласып келе жатқандықтан, олардың бір-біріне деген қарым-қатынасы да, сенімі де жоғары. Аймақтық әрі жаһандық мәселелерде де Қазақстан мен Түрікменстанның ұстанымдары үнемі ұқсас. Екі мемлекет те Орталық Азия мен Каспий аймағындағы тұрақтылықтың сақталуын қалайды.

Қазақстан-Түрікменстан қа­рым-қатынастарының негізгі тіні – сауда-экономикалық ықпалдастық. Осы саладағы бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу – қос тараптың назарында тұр. Әлем экономикасында байқалған жағымсыз үрдістерге қарамастан, қос мемлекеттің тауар айналымында ілгерілеушілік, едәуір өсім байқалады. Бұған өзара тауар айналымының қарқын алуы дәлел. Мәселен, 2013 жылғы көрсеткіш бойынша өзара тауар айналымының көлемі 393 млн. АҚШ долларын құрады. 2012 жылы бұл көрсеткіш 311 млн. АҚШ доллары болған еді. Ал 2014 жылдың 9 айында өзара тауар айналымы 407,9 млн. АҚШ долларына жеткен, бұл – салыстырмалы түрде алғанда, 2013 жылдың осы мерзіміндегі көр­сет­кіштен 23 пайызға артық. Себебі, өткен жылдың 9 айында өзара тау­ар айналымы 331 млн. АҚШ долларын құраған-тын.

Жалпы, екі елдің Президенттері мемлекеттік сапар аясында алғаш рет осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2007 жылдың мамыр айында кездескен еді. Дәл сол жылы Түрік­менстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов Қазақстанға мемлекеттік сапармен келсе, ал қыркүйек айында Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстанға ресми сапармен барған болатын. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары әртүрлі халықаралық шаралар аясында әлденеше мәрте кездесті.

Былтырғы жылдың мамыр айында Түрікменстан Президентiнің Қазақстанға ресми сапармен келгені белгілі. Астанадағы кездесу барысында әріптестіктің негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимылды жандандырудың кең ауқымды мәселелері, мәселен, сауда-экономикалық, отын-энергетикалық және транзиттік-көліктік, сондай-ақ, мәдени-гума­нитарлық серіктестік салаларын­дағы өзара тиімді ынтымақтастық қырлары қарастырылған болатын.

Бір атап өтерлігі, бүгінде екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар аралығында қазақ-түрікмен ынтымақтастығы жоғары деңгейге көтеріліп, әртүрлі салалар бойынша байланыстар нығая түсті. Қазіргі таңда Қазақстан тү­рікмен жұртына күнбағыс, ұн, металл, ағаш өнімдерін экспорттаса, Түрікменстаннан бізге, негізінен, минералды және химиялық өнім­дер, тоқыма бұйымдары келеді.

Кеше Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев Түрікменстанға ресми сапары аясында ең алдымен осы елдің Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовпен кездесті.

«Оғызхан» сарайындағы ресми қарсы алу рәсімінен кейін мем­лекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кезде­су барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мә­дени-гуманитарлық ынтымақтас­тығының даму болашағы мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түрікменстанның ежелден қалыптасқан тарихи және мәдени байланыстардан бастау алатын екіжақты қарым-қатынастары дәстүрлі достық сипатта екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы өзі­нің сөзінде бүгінгі жағдайда Қазақстан – Түрікменстан – Иран ар­қылы өтетін «Өзен – Берекет – Горган» теміржол магистралі екі елдің экономикалық серіктестігіне елеулі серпін беретінін айтты. Парсы шығанағына қарай темір­жол төселуіне байланысты осы жылы тауар айналымы 38% өсті. Бұрын мұндай болған емес. Ынты­мақтастыққа қажетті резервтер көп, оларды халықтарымыздың игілігіне пайдаланған жөн, деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы Қа­зақ­стан мен Түрікменстанның көлік­тік-транзиттік әлеуетін дамы­туды қамти отырып, екіжақ­ты ынтымақтастықтың барлық жағы бойынша өзара іс-қимылды ұлғайту керектігіне тоқталды. Біз сауда, саяси және мәдени бай­ла­ныстардың деңгейін көтеру үшін бар күш-жігерді жұмылдыруға тиіспіз деп санаймын. Қазақстан Түрікменстан үшін газ құбырының ғана емес, теміржолдың да тран­зиттік бағыты болып саналады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қа­зақстан Президенті, сондай-ақ, екі мемлекеттің халықаралық мәсе­лелердегі өзара түсіністігі мен ұста­нымдарының ұқсастығына да назар аударды.

Өз кезегінде Гурбангулы Бер­ды­мұхамедов Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тү­рікменстанға сапары өзара байланыстарды барлық жағынан кеңейту тұрғысында маңызды екенін атап өтті. Біз Сіздің сапарыңызға зор мән береміз және ол Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы мем­ле­кетаралық үнқатысуға жақсы серпін беретініне сенімдіміз, деді Г.Бердымұхамедов.

Екіжақты кездесу кеңейтілген құрамдағы келіссөздермен жалғасты. Кеңейтілген отырыста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Түрікменстан басшылығы мен түрікмен халқына алғысын білдірді. Мен осы бір сәтті пайдаланып, БҰҰ-ның шешімімен бейтарап ел деп танылған, 12 желтоқсанда атап өтілетін, сіздер үшін маңызды саналатын күнмен құттықтаймын. Бауырлас түрікмен халқының өсіп, өркендеуіне, Түрікменстан мемлекетінің гүлденуі мен дамуына тілектестігімді білдіремін. Біз Түрікменстанға бауырлас ел, жақын көрші, сенімді әріптес ретінде қараймыз. Екі ел арасында ешқандай өзекті әрі түйткілді мәселелер жоқ. Себебі, біз – шын мәнісінде бауырлас халықтармыз, деді Қазақстан басшысы.

Қазақстан Президенті Г.Берды­мұ­хамедовтің өткен жылы Қазақ­станға жасаған мемлекеттік сапарын жылылықпен еске алды. Сол сапар аясында біз теміржол желісінің Қазақстан мен Түрікменстандағы учаскесін ашқан болатынбыз. Демек, осындай сипаттағы, сон­дай-ақ, бүгінгідей кездесулер біз­дің халықтарымыздың өзекті деген мәселелерін достық ауанда шешуге мүмкіндік береді. Біз екі­жақты кездесу барысында мем­лекеттер үшін маңызды санала­тын барлық мәселе туралы әңгі­мелестік.

Оған екіжақты ынтымақ­тас­тықтан бастап өңірлік мәселелер де жатады. Сондықтан, біздің бүгін­гі кездесуіміз Қазақстан мен Түрік­менстан арасындағы бауырлас­тықты арттырып, ын­тымақ­тас­тықты одан әрі дамытады деген ойдамыз. Сондай-ақ, біз Қазақ­стан мен Түрікменстанның болашақ­тағы стратегиялық серіктестігіне қатысты шарт жайын да сара­ладық. Мұндай құ­жаттың жасалуына екі елдің ынтымақтастық деңгейі ықпал етеді. Бұл мәселе екі мемлекеттің Сыртқы істер министрліктерінің назарында тұруы қажет, деді Н.Назарбаев.

Кеңейтілген құрамдағы келіс­сөз барысында Елбасы, сондай-ақ, бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан қарым-қатынасының басты өзегі, ең алдымен, сауда-экономикалық әріптестікте екенін атап өтті. Қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан жағымсыз жағдайларға қарамастан, соңғы уақытта екі ел арасындағы тауар айналымында ілгерілеушілік, өсу бар. Бұл екі мемлекет экономикаларының оң ырғағын байқатады. Демек, біз алдағы уақытта да Қазақстан мен Түрікменстанның барлық ресурстары мен мүмкіндіктерін пайдаланып, бұдан да жоғары көрсеткіштерге жетуге күш салуымыз керек. Бұл – біз қол жеткізе алатын меже. Себебі, біз жарты миллиард долларға жуықтайтын тауар айналымына қол жеткіздік. Демек, алдағы межелерді де еңсеретін боламыз, деді Н.Назарбаев.

Қазақстан басшысы кеңей­тіл­ген келіссөздер барысында эко­ном­икалық және мәдени ынтымақ­тастықты дамыту бағытында Ашғабадта өткен үкіметаралық отырысқа тоқталып өтті. Осы жылы біздің сарапшылар екі рет кез­десті. Бұл қос тараптың да өзара мүдделестігін білдіреді. Мәселен, менің Ашғабадқа ресми сапарымнан бұрын бизнес-форум өтті. Оның қорытындысы бойынша екі ел арасында Іскерлік кеңес құрылатын болады. Екіншіден, алдағы уақытта тауар айналымын арттыру бағытындағы бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу көзделіп отыр. Бұл ретте тауар айналымын арттыру бағытында арнайы сараптама, саралау жұмыстарын жүргізу керек. Бұл жұмыс Үкіметаралық ко­миссия арасында жүргізілуі керек. Бұл комиссия өз кезегінде қос мемлекеттің тауар айналымын дамытудың жолдарын үнемі іздестіріп отыруы қажет, деді Қазақстан басшысы.

Н.Назарбаев өз сөзінде Қа­зақстан мен Түрікменстан бір-біріне жақын көршілес мемлекеттер екенін, бұл көп жәйтті аңғартатынын атап өтті. Иә, біз көр­шіміз, жақын көршіміз. Осымен бәрін айтуға болады. Демек, біз ұдайы келіссөздер жүргізіп қана қоймай, әріптестікті одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін жолдарды таба білуіміз керек. Мәселен, тауар айналымын арттыру, түрікмен тауарларының кеден­дік баж салықтарынан босатылуын, сауда айналымына кедергі келтіретін тосқауылдарды алып тастау мәселелерін назарда ұс­тауымыз керек. Бізге тауар ай­налымының миллиард долларлық деңгейіне жету үшін барлық мүм­кіндіктер мен ресурстарды пайдалану қажет, деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Қазақстан басшысы Түрікменстанның ТМД-ның еркін сауда аймағына қосылуы мәселесін қарастыруға мән беру қажеттігіне тоқталды. Бұл сауда саласындағы көптеген кедергілерді жоюға мүмкіндік берер еді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы бұл орайда.

Қазақстан Президенті бүгінде транзиттік-көліктік әлеуеттің үл­кен рөл атқарып отырғанын да жет­кізді. Біз Қазақстан – Түрікменстан – Иран арқылы өтетін теміржол магистралінің іске қосылуына мән беріп отырмыз. Ертең біз өзіміздің ирандық әріптесіміз Хасан Руханимен бірге осы теміржол магистралі желісінің ашылуының салтанатты рәсіміне қатысатын боламыз. Бұл – бүкіл Еуразия құрлығы үшін маңызды оқиға. Себебі, бұл теміржол желісі елдерімізге жаңаша мүмкіндіктер береді. Солтүстік және оңтүстік бағыттар бойынша жүк ағындары көлемінің артуына жол ашады. Мәселен, өткен жылы тек Қазақстан мен Түрікменстан учаскесіндегі теміржол желісінің іске қосылуы қазірдің өзінде жүк ағынының 38 пайызға артуына жол ашты. Бұл – тек басы ғана, деді Н.Назарбаев.

Елбасы келесі кезекте Түрік­менстан аумағы арқылы Иран мен Ауғанстан бағыттарына қарай жүк ағынын арттыру мақсатындағы Қазақстан – Түрікменстан – Иран жұмыс тобының бірінші отыры­сына тоқталды. Сондай-ақ, бәсеке­лестікті арттыру бағытында Қазақ­стан, Түрікменстан, Иран аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалына 30 пайыздық жеңілдік қарастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Менің ойымша, бұл – өте жақсы жаңалық. Біз бәріміз мұны қолдаймыз, деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Н.Назарбаев стратегиялық жоба­ларды іске асыру әріптестікті жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Түрікменстан Президенті Г.Бер­дымұхамедов өз сөзінде арнайы шақыртуды қабыл алып, Ашғабадқа ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Әбішұлына алғысын білдірді. Біз бүгінгі кез­десу барысында екіжақты әріп­тестік көкжиегін одан әрі дамыту жолдарын қарастырдық. Біздің елдеріміз өңірлік мәселелер ғана емес, экстремизм, терроризм секілді ғаламдық мәселелердің алдын алу мәселелерін де ұдайы назарда ұстап келеді. Сол себепті біз халықаралық аренада да осы мәселелерге қатысты тиісті қадам­дарға барып жүрміз. Бұл бағыт­та бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Мұндай қадамдар өңірі­міз­дегі қауіпсіздіктің нығаюына оң ықпал етері анық, деді Г.Бер­дымұхамедов.

Сондай-ақ, Г.Бердымұхамедов Түрікменстан мен Қазақстан бау­ырлас елдер екенін, сондықтан олардың ынтымақтастығы дос­тық­қа, өзара түсіністік пен сыйлас­тыққа, тең құқылық үдерістеріне негізделгенін атап өтті. Біздің елдеріміз энергетикалық, эколо­гиялық мәселелер бойынша ын­тымақ­тастық орнатып келеді. Мәсе­лен, Түрікменстан мен Қазақстан халықаралық Арал қоры аясында жұмыстар жүргізу үстінде. Сондай-ақ, бізді Ауғанстан мәселесі де алаңдатады. Түрікменстан мен Қазақстан бұл мәселені оңтай­ландыруға, сол арқылы қауіпсіздік тетіктерін нығайтуға айрықша мән беретін болады, деді Түрікменстан Президенті.

Г.Бердымұхамедов Қа­зақ­станның түрікмен халқының сенімді экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Алайда, біздің өзара мүмкіндіктеріміз толық деңгейде іске қосылған жоқ. Демек, алдағы уақытта әріптестік әлеуетін көтеруге мән беруіміз керек. Екі елдің бизнес-қауымдастығы ара­сындағы байланыстарды дамытуды да ұдайы назарда ұстаған жөн. Бір атап өтерлігі – екі елдің білім беру, ғылым салаларындағы әріптестік жақсы жолға қойылған. Мәселен, бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Түрікменстаннан барған жүздеген студент білім алуда. Спорт саласында тығыз байланыс орнатылған, деді өз сөзінде Түрікменстан Президенті.

Сөзінің соңында Г.Бердымұ­хамедов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас елдер ынтымақтастығының нығаюына қосқан үлесін жоғары бағалай келе, түрікмен халқының атынан алғысын білдірді.

Бұдан кейін Қазақстан мен Түрік­менстан Президенттері келіс­­сөздер қорытындысы бойын­ша бірлескен брифинг өткізді. Нұр­сұлтан Назарбаев қол жеткен уағдаластықтардың ерекше маңыздылығын атай келіп, кең ауқымдағы мәселелер жөнінде жүр­гізілген келіссөздердің нәтижесіне жоғары баға берді. Бүгінгі сапар қарым-қатынастарымызды нығайтуға деген ортақ ықыласты көрсетеді. Ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір алмасылды. Сондай-ақ, бізге сөзсіз әсері тиетін өңірлік және жаһандық қауіп­сіздік мәселелері талқыланды. Біз елдеріміз арасындағы ықпал­дастықты күшейтуге бағыт­талған бірқатар екіжақты құжат­тарға қол қойдық, деді Қазақстан Президенті.

Елбасы екі елдің шекаралас аумақтары арасындағы тіке­лей байланысты дамытудың маңыз­дылығына назар аударды. Маңғыстау облысының әкімдігі мен Балқан уәлаяты хякимдігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ол шекаралас облыстардың өзара ықпалдастығын тереңдетуге елеулі серпін беретін болады, деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті келіс­сөздер барысында өсім үшін жақсы әлеуетке ие сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәсе­лелеріне зор көңіл бөлінгенін айтты. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы, репортаждың бас жағында айтқанымыздай, биылғы 9 айда 23%-ға ұлғайды. Әлемде дағдарыс құбылыстары болып, экспорт азайып жатқан кезде біздің елдеріміз арасындағы сауда өсу үстінде, оның мөлшері 500 миллион долларға таяды. Бірақ бұл қарқын да біздің өзара ықпал­дастығымыздың бүкіл әлеуетін толық ашпайды. Таяу уақытта Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу жоспарлануда, деді Н.Назарбаев.

Қазақстан басшысы еліміздің Сыртқы сауда палатасы мен Түрік­менстанның Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы арасында құ­рылған Іскерлік кеңес екі елдің бизнес-қоғамдастықтарының өкіл­дері арасындағы пайдалы эконо­микалық байланыстарды жолға қоюға септігін тигізетінін айтты.

Н.Назарбаев «Қазақстан – Тү­рікменстан – Иран» халықаралық теміржол магистралінің Қазақстан – Түрікменстан учаскесінің іске қосылуы арқасында қол жеткен айтарлықтай экономикалық тиімділікке назар аударды. Оның іске қосылуы арқылы биылдың өзінде, 8 айдың қорытындысы бойынша, жүк ағыны 40%-ға жуық ұлғайды, деді Қазақстан басшысы.

Қазақстан Президенті түрікмен-иран учаскесін іске қосу да өңір елдері үшін зор маңызға ие болатынына тоқталды. «Өзен – Бе­рекет – Горган» теміржолы біз­дің елдерімізге солтүстік және оңтүс­тік бағыттарда жүк тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Біз елдеріміздің географиялық қонысын Еуропа мен Азия ара­сындағы транзиттік көпір ретінде бұдан әрі де барынша тиімді пайдалануға уағдаластық, деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы Қазақ­стан аумағындағы жаңа бағыттар Түрікменстанға Қытай және одан әрі Тынық мұхитына қарай жүк тасымалдау мүмкіндігін ашатынына тоқталды.

Н.Назарбаев елдеріміз халық­аралық салада өзара қолдау көр­сетіп, ынтымақтастықты әрі қарай дамытатынын айтты. БҰҰ, ИЫҰ, ТМД, Түркі кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысатын боламыз, деді Қазақстан басшысы.

Қазақстан Президенті сапар қорытындысы қазақ-түрікмен қа­тынастарын ықпалдастықтың барынша сапалы деңгейіне шыға­ра­тынына сенім білдірді.

Түрікменстан Президенті өз сөзінде екі елдің арасындағы дәс­түрлі достық пен ашықтық ауанында өткен келіссөздердің жемісті болғанын жеткізді. Біз бар­лық бағыттар бойынша екіжақты үнқатысудың қазіргі дең­гейін жоғары бағаладық. Біз­дің Қазақстанмен байланыстарымыз тең құқылық және өзара тиімділік қағидатымен қарқынды әрі жүйелі дамып келеді, деді Г.Бердымұхамедов. Ол, сондай-ақ, екі елдің ынтымақтастығы Орталық Азия мен Каспий өңірі кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің стратегиялық факторы болып отырғанын айтты. 

Сонымен қатар, Г.Бердымұ­ха­медов келіссөздер барысында экономика және сауда, соның ішінде тауар айналымын әртараптандыру, инвестициялық саясатты жандандыру, өнеркәсіпте, аграрлық кешенде және көлік саласында ірі жобаларды жүзеге асыру мә­селелеріне айрықша назар ауда­рылғанын мәлімдеді. Соңында Түрікменстан Президенті Қазақ­стан халқына татулық пен бақ-береке тілейтіндігін жеткізді.

Брифинг барысында, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа Түрік­менстан мен Қазақстанның арасын­дағы тату көршілік және достық қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан зор үлесі үшін «Түрікменнің Ел ағасы» құрметті атағын тапсыру рәсімі өтті.

Мемлекет басшыларының келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Халықаралық Түркі академиясы мен Түрікменстан Ғылым академиясының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Түрікменстанның Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағының арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысының әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаятының хякимдігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынты­мақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Үкі­меті мен Түрікменстан Үкіметі арасында Қазақстан – Түрікменстан – Иран халықаралық транзиттік телекоммуникациялық бағытын құру туралы меморандум

– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкі­меті­нің арасында теңіз көлігі сала­сын­дағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Пре­зиденті мен Түрікменстан Прези­дентінің бірлескен мәлімдемесі.

Елбасы Түрік­менстанға ресми сапары аясында Ашғабадтағы «Халық жады» мемориалдық ке­шенінде болып, кешенге гүл қою рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, кешеннің мемориалдық мұра­жайын аралап көріп, Құрметті қо­нақтар кіта­бына естелік қолтаңба қал­дырды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары