$ 448.15  483.46  4.86

Маңғыстауда халықтың денсаулығын көтеру үшін жаңа орталық ашылды

Ақтау қалалық №2 емханасында сурдологиялық орталық жұмысын бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Мұндай орталық тәуелсіздік мерекесіне орай Жаңаөзен қаласында да іске қосылмақ. Қос орталықтың медициналық жабдықтармен қамтылуы үшін облыс қазынасынан 25 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

Сондай-ақ, арнайы сурдолог дәрігерлер, логопед және психолог мамандар оқытылып, даярланған. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова арнайы қатысты. 

Ағымдағы жылдың шілде-қыркүйек айларында Ақтау қалалық №2 емханасының балалар бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған жергілікті бюджеттен 63 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылыпты. Осылайша, емханада кәріз және жылу жүйесі, шатыр жабыны мен дәрігерлердің қабылдау бөлмелері толығымен жөндеуден өтті. Тіркеу орны қайтадан жабдықталып, «Дені сау бала кабинеті», әлеуметтік қызметкерлер, психолог, логопедтің кабинеттері және 6 керуеттік күндізгі стационар бөлімшесі ашылды. Қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар сатып алынды. Енді осы емханада сурдологиялық орталық жұмысын бастады. Туабітті нәрестелердің есту қабілетін ерте анықтайтын мұндай орталық аймаққа аса қажет.

«Сурдологиялық кабинет  –  есту қабілетінің нашарлауына диагностика және емдеу жасалатын, тереңдетілген аудиологиялық тексеру, маман кеңесін ұсыну, есту жабдығымен қамтылуға жолдау, есту қабілеті бұзылуының сараптамасы, есту мүмкіндігінен айырылған балаларды диспансерлік есепке қоюға арналған арнайы кабинет. Негізгі мақсат-бұл балалар арасындағы мүгедектікті азайту. Жалпы балаларға арналған сурдологиялық көмек кезең-кезеңмен іске асырылады. Барлық жаңа туылған нәрестелерге туылғанына 2-3 тәулік толғанда дәрігер-неонатолог пен арнайы оқытылған медбикемен сәбилердің есту қабілетінің туа пайда болған ақаулары мен патологиясын ерте анықтау мақсатында әмбебап аудиологиялық скринингтік тексеру жасалады, есту мен сөйлеу қабілеттерінің патологиясы анықталған сәбилер терең аудиологиялық тексеруден өту үшін сурдологиялық кабинетке жіберіледі»,– дейді облыстың бас педиатры Нұрсұлу Мұхамбетярова.

Облыстың бас педиатрының айтуынша, есту қабілетінің өте терең ақауы анықталған балалар «кохлеарлы имплантация» деп аталатын ота жасатуға жіберіледі. Жалпақ тілмен айтатын болсақ, анықталған саңыраулықты түзетуге бағытталған және естімеудің күрделі түрімен сырқаттанған балаларды әлеуметтік бейімдеуге арналған шаралар жүйесі.

Аймақта соңғы алты жылда 26 бала кохлеарлы имплантация шарасымен қамтылған. Сондықтан да Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында сурдологиялық кабинеттердің ашылуы нәрестелердің туа біткен есту қабілетіндегі ақауларын ерте анықтап, оларды одан әрі емдеу мен тексерудің тәсілдерін таңдауға және балалар арасындағы мүгедектікті азайтуға мүмкіндік туғызбақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары