Бұл мұнайлы өңірдің әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Президенті Н.Назарбаев ресми сапармен Ашхабадқа барғаны белгілі. «Оғызхан» сарайында өткен екі ел басшысы кездесуінің ресми салтанатынан соң шағын құрамдағы топпен өзара келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қызметтестікті дамытудың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түрікменстанның арасындағы қарым-қатынастардың ежелгі тарихи және мәдени байланыстардан тамыр тартатын дәстүрлі достық сипатта дамып келе жатқанын еске салып, дәл қазіргі жағдайда екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті одан әрі өрістетуге «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолы айтарлықтай серпін беретінін атап өтті. «Парсы шығанағы бағытында теміржол салынуымен байланысты осы жылдың өзінде тауар айналымы 38 пайызға өсті. Бұдан бұрын мұндай жағдай болмаған. Қызметтестікті одан әрі дамытудың қоры жеткілікті, сол мүмкіндіктерді екі ел халқының игілігіне молынан жаратуымыз керек», - деді Н.Назарбаев. Өзара ықпалдастық байланыстарды барлық салалар бойынша барынша күшейту қажеттігін, соның ішінде Қазақстан мен Түрікменстанның транзиттік-көліктік әлеуетін өсірудің тиімділігін тілге тиек етті.
«Біздер саудадағы, саяси және мәдени қатынастардағы деңгейді одан да жоғары көтере түсуге бар күш-жігерімізді салуымыз керек деп ойлаймын», - деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар ол халықаралық ауқымдағы мәселелер бойынша да екі мемлекеттің өзара түсіністікпен және жақын ұстаныммен қадам жасап келе жатқанына назар аударды.
Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов екі ел арасындағы қызметтестік байланыстарды одан әрі кеңейту және тереңдете түсуді мақсат еткен Қазақстан Президенті сапарының маңыздылығын атап өтті.
«Біз Сіздің бұл сапарыңызға аса жоғары мән беріп, оның Түрікменстан мен Қазақстанның мемлекетаралық диалогына жақсы серпін беретініне сенеміз», – деді Бердімұхамедов.
Екі ел Президентінің қатысуымен Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтерінің арасында теңіз көлігі саласы бойынша қызметтестік жөнінде келісімге, Түрікменстан – Қазақстан халықаралық транзитті телекоммуникациялық маршрутын құру туралы меморандумға, Түрікменстанның Балқан уәлаяты әкімдігі мен Маңғыстау облысы әкімдігі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар туралы келісімге, т.б. екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылды.
Сәрсенбі күні үш елдің басшылары: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Иран Президенті Хасан Роухани «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы «Өзен – Берекет – Горган» халықаралық теміржол дәлізінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Үш мемлекеттің күш біріктіруінің арқасында қазақтың кеңжазира даласынан басталып, түрікменнің Қарақұмын басып өтіп, Иранның солтүстігіндегі таулы Гулистан аймағын жалғайтын 900 шақырымдық теміржол желісі салынды. Жолдың 146 шақырымы – Қазақстан, ең ұзын – 700 шақырымға жуығы Түрікменстан және қалған 82 шақырымы Иран аумағы арқылы өтеді. 2007 жылы құрылысын салу туралы үш жақты келісімшарт жасалынып, екі жылдан соң жұмыстары басталған бұл жоба Азия және Ислам банктерінің ықпалдастығы арқылы іске асырылды.
Жаңа халықаралық теміржол дәлізінің түрікмен – иран бөлігінің салтанатты ашылу рәсімі шекаралас Этрек (Түрікменстан) және Инче-Бурун (Иран) бекеттерінде өтіп, үш мемлекеттің басшылары Түрікменстан мен Иран темір жолдарын түйістірді. Содан кейін Қазақстан астығын тиеген жүк пойызы Түрікменстан беттен Иран шекарасын кесіп өтті.
Магистральдің Түрікменстан – Қазақстан учаскесі өткен жылдың мамырында екі ел басшыларының қатысуымен ресми ашылған болатын. Енді маңызы зор халықаралық жоба толық іске асып, Қазақстан және басқа да елдердің транзитті жүктерін Парсы шығанағына жеткізуге мүмкіндік туды.
Айта кетейік, еліміз үшін теміржол саласын дамыту өте маңызды. Сондықтан соңғы жылдары осы салаға көп мән берілуде. Себебі, транзит – экономиканың негізгі тірегі. Мұхитқа шығар жолы жоқ Қазақстан Шығыс пен Батыстың байланысар тиімді көпіріне айналуына барынша әрекет етіп жатқаны әлем елдеріне мәлім. Осынау ұлы мақсатын жүзеге асыру үшін «Жаңа Жібек жолы» бағдарламасын қолға алып, жүзеге асыра бастағанына да біршама жыл болды. Бұйыртса, игілігі мол болар бағдарлама толық іске қосылғанда әлемдік экономиканың дамуына оң ықпалын тигізері анық.
Таяуда ғана көрші Ресейдің Астрахань қаласында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий бойынша көрші әріптестеріне Әлемдік мұхитқа шығу мүмкіндіктері туралы тағы айтты. «Жалпыға мойындалған нормалар мен халықаралық құқық қағидалары негізінде Каспий теңізінен басқа теңіздерге, Әлемдік мұхитқа еркін шығу қағидасын келісіп алғанымыз бүгінгі саммиттің маңызды жетістігі деп есептеймін», деді Президент. Сөйтіп, бүгінде біздің елімізде көлік бағыттарының дамыған желісі бар екенін жеткізді. «Солтүстік – Оңтүстік», ТРАСЕКА, «Ляньюнган порты – Қорғас – Ақтау порты» секілді дамыған желісі бар екенін атап көрсетті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің құрылысы аяқталып келеді. Бұған қоса, осы жыл ішінде Қазақстан, Түрікменстан және Иран теміржолының құрылысы толық аяқталып, Қазақстаннан Түрікменстанға, Иранға, одан әрі Парсы шығанағына баратын теміржолдың түпкілікті түйісетінін жариялады.
Бұл жолдармен Ресейдің сауда жолдары байланысты екені анық. Біз ел аумағын ірі еуразиялық, іскерлік транзиттік хабқа айналдыру үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Қазақстан арқылы өтетін бағыттарды ескере отырып, біз оларды Каспий жағалауы елдерінен өзге елдердің нарығына, ең алдымен, Қытайдан Тынық мұхитына дейін тауар жеткізуге транзиттік көпір ретінде пайдалануды ұсынамыз. Бұл мақсатта біздің елдің Үкіметі үкіметаралық келісімдерді бекіту мүмкіндігін қарастыра алады. Біздің ойымызша, бұл барлық тарапқа өзара пайда әкеледі, деді Н.Назарбаев.
Рас, әлемдегі барлық елдер жол инфрақұрылымдарын үздіксіз жетілдіріп, әсіресе, транзиттік бағыттарды барынша дамытып отыру өзекті мәселенің бірінен саналады. Қазақстан да осы бағытты ұстанады. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында инфрақұрылымды дамыту жолдарын анық көрсетті. Сөйтіп, мемлекеттік жаңа бағыттың негізінде барлық саладағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жасалған бағдарламалар мен жобалар қайта толықтырылып, жаңартылды.
Қазақстанда ең тиімді тасымал көлігі теміржол екені мағлұм. Сондықтан, жол туралы әңгімені болат жолдардан бастағанымыз жөн деп білеміз. Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз бірталай қиындықты бастан өткергені аян. Десек те, сол экономикалық жағдай күрделі кезеңде де, ел шойын жолы даму үдерісін баяулап болса да жалғастыра берді. Нәтижесінде, елдегі қиындықтарға қарамай ауқымды жоба саналатын Шу – Арыс пен Шу – Алматы теміржолдарын электрлендіру ісі қолға алынды. Нәтижесінде 1000 шақырым теміржол электрленгеннен кейін Астана – Алматы мен Алматы – Арыс арасында пойыздарды толықтай электровоздармен тарту мүмкіндігі туды. Сондай-ақ, еліміз тәуелсіз мемлекетке айналған соң көрші елдермен байланысты теміржолдарда да бірталай мәселелер туындады. Кейбір жерлерде отандық пойыздар елден шығып, өзге елдің аумағы арқылы айналып, республикамыздың екінші аймағына өтетін еді. Бұл жағдайлар жолаушылар пойызында ел азаматтарына, ал жүк тасымалында теміржол мекемелері мен тапсырыс берушілеріне көптеген қиындықтар мен қолайсыздықтар тудыратын. Осыған орай, ел Үкіметінде қаржы қиындықтарына қарамай ел аумағында жаңа теміржол телімдерін салуға шешім қабылданды.
Алғаш болып, 2001 жылы ұзындығы 184 шақырымды құрайтын Ақсу – Дегелең теміржолының құрылысы басталып, ол 2,5 жылда жүзеге асырылды. Бұл жаңа телім еліміздің солтүстігі мен шығысын төте байланыстырды. Одан кейін, 2003 жылы солтүстіктегі астықты Қостанай облысын батыс өңірмен байланыстыратын Алтынсарин – Хромтау теміржолының құрылысы басталды. Бұл магистральдың ұзындығы 403 шақырымға жетті. Бұл жол пайдалануға берілгенде еліміздің аталған аймақтарында теміржолмен жолаушылайтын азаматтар көп қиындықтардан құтылумен қатар, жол жүру уақыттары да еселеп қысқарды. Мұнымен бірге, ел аумағында теміржолмен жүк тасымалдайтын теміржол мекемелері мен тапсырыс берушілері де сансыз кедергілерден құтылып, үлкен қуанышқа кенелді. Тәуелсіз елімізде салынған бұл екі жол азат Алаш халқының іргесін бекітумен қатар, елімізге көп пайда әкелді және теміржол салуда сенімділігімізді арттырды.
Ресей арқылы айналып өтетін теміржол еліміздің шығысында да бар еді. Бұл айналма жолдарды кезінде Кеңес Одағы қазақ экономикасының дамуын байлап-матап ұстап отыру үшін әдейілеп салған болатын. Тәуелсіздікке қол жеткізген еліміз ендігі теміржолын дербес дамытып, Ресейге тәуелділіктен құлан-таза құтылу үшін ел ішіндегі 3-ші – Шар – Өскемен теміржолын салды. Сонымен, «Кісідегінің кілті аспанда» деген қағиданы нық ұстанған Ресейдің біз үшін қолайсыз жол саясатына тәуелділіктен құтылдық. Дегенмен, ел теміржолын дамыту ісі мұнымен де іркілген жоқ. Ел экономикасының қарыштап даму жолына түскен кезеңінде, нақты айтқанда, 2005 жылы 132 шақырымға тартылған Екібастұз –Павлодар теміржолын электрлендіру жұмысы басталды. Бұл игілік те бүгінде ел қызметінде.
Ал соңғы 5-6 жылда Қазақстан теміржолын дамытуда және транзиттік әлеуетін арттыруда құлашты кеңге сермеп отыр. Өйткені, саладағы жаңа жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстар өте ауқымды. Расында, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдерінің еш бірінде Қазақ теміржолдарында жүргізіліп жатқандай ауқымды шаралар қолға алынбаған. Мұны нық сеніммен айтуға құқығымыз бар. Ел басшылығы әлемдік кеңістікке еркін шығып, дамыған елдермен теміржол арқылы тікелей байланысқа шығып, ел интеграциясын Ресей мен Өзбекстаннан бөлек жан-жақты өркендету жолын тапты. Сөйтіп, Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара теміржолын төседі. Екі елдің президенттері арнайы барып қосқан теміржолдың екі ел үшін де маңызы зор. Еліміз осы магистраль арқылы Парсы шығанағы елдеріне шығуды көздеп отыр. Одан әрі әлемдік сауда орталықтарына жол ашылады. Бір ғана мысал, Иран Ислам Республикасы жыл сайын шетелдерден 11 млн. тонна бидай сатып алады екен. Бидайды миллион тонналап экспорттайтын біздің ел үшін аталған жолдың маңыздылығы осыдан-ақ көрініп тұр. Сондай-ақ, Жетіген – Қорғас теміржол магистралі де Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына қомақты үлесін қосады. Бұл теміржол магистралі Батыс Қытаймен тек Қазақ елін ғана емес, біздің ел арқылы осы теміржолмен Қытайды бүкіл Орталық Азия, Батыс елдерінің барлығын дерлік, сондай-ақ Парсы шығанағындағы мемлекеттерді де еркін қатынастырып, араластырып, алыс-беріс жасатып, әркімге өз елінің экономикасын дамытуға қызу кірісуіне үлкен мүмкіндіктер береді. Жемісті жүзеге асырылған осы екі ғаламат жоба еліміздің транзиттік әлеуетін мейлінше арттырып, Батыс пен Шығыс елдерінің төте жолмен байланысып, тығыз араласуына мүмкіндік туғызып береді.
Ел арасында «ғасыр жобасы» аталып кеткен Жезқазған – Бейнеу мен Арқалық – Шұбаркөл болат жол тармақтары осы өткен жаз айында жарқын болашаққа, өндірістік өмірге жол тартты. Оны Елбасының өзі ашқаны мәлім. Айтарымыз, 2012 жылдың 3 шілдесінде өткен жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысы ғаламат құрылысты бастауға рұқсат еткені әлі есте. Ал былтырғы жылдың желтоқсан айында негізгі жолдар түйісіп үлгерді. Рекордтық қысқа мерзімдегі ауқымды шаруаның басы қайырылып, «Қазақстан Жаңа Жібек жолы» ірі жобасының арқасында біздің ел Орталық Азия аймағында сауда, логистика және іскерлік хаб рөлін берік еншілемек. Тұтас көліктік-логистикалық жүйе жасақталуда. 2012 жылдың маусымы 2014 жылдың тамызы аралығында жүргізілген құрылыс кезінде 1200 шақырымнан астам қашықтықта жолдар төселіп, өзара түйісті, еңбеккерлер мен қызмет көрсетуші персоналға баспана нысандары тұрғызылып, қажетті инфрақұрылым бой көтерді.
Жаңа жолдардың тиімді орналасу жүйесі еліміздің батысынан шығысына, солтүстігінен оңтүстігіне жүк тасымалдауда жол ұзақтығын әлдеқайда қысқартып, Қазақстанның транзиттік әлеуетінің көкжиегін кеңейтеді.
Жаңа телімдердің іске қосылуы магистральдық теміржол желісінің құрылымын қалыптастыруды аяқтайды. Бүгін пайдалануға тапсырылып жатқан теміржолдар «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» бағыттарындағы жүк ағымдары бағдарларын 1000 шақырымнан астамға оңтайландырады. Бұл теміржолдар тынысы Орталық және Батыс Қазақстанның дамуына қуатты серпін беріп, экономикалық белсенділікті арттырады. Сондай-ақ, өнеркәсіптік әлеуетті игеруді жеделдетіп, аймақтардағы өндірісті өркендетуге жағдай жасайды. 3,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Елімізде автожолдарды салу мен қалпына келтіру жұмыстары да жүйеленіп қалды. Жылдан-жылға транзиттік тынысы ашылып келе жатқан ел жолдарында жаңа тұрпаттағы инфрақұрылымдар пайда бола бастады. Әлемдегі озық елдердің тәжірибесі меңгеріліп, озық технологиялар енгізілді. Сондай-ақ, еліміздегі халықаралық талаптарға сай инфрақұрылымы бар алғашқы Астана – Бурабай автобаны бір жарым жыл бұрын ақылы жүйеге енгізілді. Қазіргі таңда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолының құрылысы аяқталуға таяу. Ресей, Қазақстан, Қытайды кесіп өтетін бұл жолдың жалпы ұзындығы – 8 445 шақырым. Оның үлкен бөлігі, яғни 3 425 шақырымы Қытай жерінде, 2 787 шақырымы біздің ел аумағында, қалған 2 233 шақырымы Ресей арқылы өтеді. Өз елімізге қайта оралсақ, аталған халықаралық жол республиканың бес облысының аумағынан, атап айтқанда, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Алматы аймақтарынан өтетіні мағлұм. Ғаламдық жобаның біздің елдегі бөлігін жүзеге асыруға 825,2 млрд. теңге жұмсалатыны да белгілі. Бұл автомагистральда барлық инфрақұрылым халықаралық талаптар үдесінде жасалады. Мәселен, жобада автодәліз бойына 725 сервис түрлері орын тебеді. Оған қоса, тағы да қосымша 50-ге жуық толық инфрақұрылымы бар кешенді сервистік орталықтар салынады. 125 типтік демалыс алаңы мен басқа да сервистік орындар жолаушылар қызметінде болады.
Тағы елімізде бірқатар үлкен жолдарды жаңартып, кеңейту істері мен жаңа тас жолдар төсеу шаралары да жүргізіліп жатыр. 2017 жылға дейін Астана – Алматы жолы кеңейтіліп, қайта жаңғыртылады. Оған қоса, Астана – Павлодар жолы төрт жолақ болып салынады. Ол Өскеменге дейін жалғасады. Құрылысы Павлодардан бері қарай салынып келеді. Ал Астана – Ақтау автожолының құрылысы 2016 жылы басталып, 2020 жылы аяқталады.
Соңғы жылдары еліміздің оңтүстік, солтүстік, батыс өңірлерінде жаңа технологиямен жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар сынақтан сәтті өткен Еуропа технологиясы. Негізі осы іс бойынша бес жыл бойы зерттеу жұмыстары жүргізіліп келген. Зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, біздің алып елдің әр өңіріне әр түрлі, яғни жергілікті жерге сай битум мен материалдар пайдалану керек екен. Енді бұдан былай әр аймақтағы жол құрылыстарын өз табиғатына орайластырып жасау жұмыстары қолға алынған. Бүгіндегі Қазақстан жолдарындағы жабдықтар Еуропаның өзіндегі ең озған мемлекеттерде ғана бар екен. Жалпы, қазіргі таңда елімізде республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 23,5 мың шақырым, жергілікті жолдардың ұзақтығы 70 мың шақырымнан асып жығылады. Бұлардың барлығының инфрақұрылымын толық жасақтау мақсатына арнайы бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыру ісі қолға алынған.
Түрлі көлік жолдарын жаңартып, Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды көздеп жүрген Қазақстан, келешекте транзиттік әлеуетін көтеріп, саланы мемлекеттің экономикалық дамуының тірегіне айналдыруды мақсат етіп отыр.