Жаңалықтар 30.11.2014 сағат 12:55

Маңғыстау өңірінде жаңа теміржол төсемін салу басталды

Маңғыстау облысында cтратегиялық маңызы бар ұзындығы 14, 7 шақырымдық «Боржақты-Ерсай» теміржолының төсемін салу жұмыстары  басталды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жобаны 2016 жылдың басында аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл туралы «Теміржол жөндеу» ЖШС директоры Саянтай Ерғожин хабарлады. «Бейнеу-Шалқар», «Бейнеу-Жезқаған теміржолы учаскесінің құрылысын жүргізген осы компания мердігер болып отыр.

«Өткен аптада жол табанына топырақ төсеу басталды. Мұнымен қатар қайта орналастыру жұмыстары жүріп жатыр Яғни, болашақ теміржол  аумағында орналасқан  инженерлік коммуникацияны (су құбыры, электр желілері) жаңаша – не жоғарыдан, немесе жер астынан  тереңдей қазып өткізу.  Бұл темір жол құрылысы учаскесіне 9,6 млрд. теңге бөлінді. Әзірге 30-40 техника тартылды», – дейді С. Ерғожин.

Бас директордың айтуынша, болашақта  қосалқы мердігерлер тартуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша жұмыстар 14 айдан кейін – 2016 жылдың басында аяқталуы тиіс. 

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстауда биылғы жылы тағы бір маңызды темір жол құрылысы басталатыны туралы хабарланған болатын. Алдыңғы екі жоба – Өзен – Түркіментсан мен Бейнеу – Жезқазған темір жолдарындай тым ұзын болмағанымен, маңыздылығы олардан ешбір кем емес «Боржақты-Ерсай» темір жолы арқылы түбекте екінші жаңа порт пайда болады. Теңізге шығатын жол жоқ елдер қатарына жататын, жалғыз ғана Ақтау портына ие Қазақстан үшін бұл үлкен мүмкіндік екені талас тудырмайды.

Байырғы порттың жүк жөнелту қабілетінің төмендігі теңіз арқылы жүк тасымалы жұмыстарын қарқынды жүргізуге аздық етіп, әрі жаңа порт ашылатын теңіз жағалауындағы Құрық мүйісінің табиғи орналасу тиімділігін пайдаланып екінші порт ашу иедеясы сөз болып келе жатқанына бірнеше жыл. Міне, жоба жүзеге асатын күн де жақын қалған секілді, биыл «Боржақты-Ерсай» жаңа темір жол құрылысын бастауға шешім қабылданып, әне-міне қарқын алады деп күтілуде. Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жұмыстарының бір себебі де осында жатыр. Өйткені табиғи орналасқан жері дауылды, желді болып келетін Ақтау портында жүк жөнелту жұмыстарын жүргізу сол ауа-райына тәуелді, сондықтан порт жұмысы кей күндері тоқтап та тұрады. Ал Құрық порты қандай ауа-райында да жүк жөнелтіп, қабылдай беруге болатын тыныш, құрлыққа 2 км-ге дейін кіріңкі мүйісте тұр. Осы ерекшелігі оны болашақта ірі порт алаңына айналдырмақ.

Ол үшін Маңғыстаудан Өзенге бағытталған темір жолдың 48-ші шақырымында Боржақты деген бекет ашып, сол жерден Ерсайға дейін 19 км жаңа темір жол салынбақ. Жоба бойынша жүйелі жұмыстар биыл басталып, темір жол бойында Ерсай, Боржақты деп аталатын екі бекет пайда болмақ. Ол бекеттердің әрқайсында үш жол, ВОЛС, СИРДП жүйесі, ЭЦ посты, СЦБ, автоблокировкалау жүйесі, тұрғын үйлер салынбақ.  Жоба құны 9 500 млн. теңгені құрайды.

«Бүгінде жаңа жолдың сметалық жобалық құжаттары дайын болды. Жерге рұқсат алынды. Тиісті органдардан сараптамадан өтіп, келісім қағаздары қолға тиді. Енді бұйыртса ұлттық компания тапсырысымен мердігерлер табылғасын осы айдың ішінде құрылыс жұмыстары бастап,  ұзындығы 14 км-ді құрайтын жаңа темір жол құрылысы қысқа мерзімде аяқталады деген сенімдеміз. Осы жолдың бойында Ақтау-Құрық тас жолы қиылысады екен. Оны ақылдаса келе, бір деңгейде темір жолмен қиылысатын етіп, ол жерге шлагбаум, күзетпелі өткел салатын болдық», – дейді  осы шаруаның басы-қасында жүрген түбектің белгілі теміржолшысы Қожахмет Уәзір.

Қарақия ауданындағы Құрық порты Ақтау қала­сы­нан 70 шақырым қашықтықта жатыр. Ұзындығы 30-32 ша­қырымға созылатын Бекович-Черкасск шыға­нағындағы Құмды, Жыланды мүйістерінің арасындағы Құрық портының географиялық орналасуы мен қолайлы климаттық ахуалы оның келешегіне көп сенім ұялататыны рас. Портқа ірі су көліктері еркін келіп-кетуі үшін теңіз жағасындағы судың тереңдігі 22 метрден кем болмауы тиіс болса, Құрықта жағалау тереңдігі 23 метрге жетеді екен. Бұл осы жағада 40-60 мың тонналық ірі танкерлерді қабылдауға болады деген сөз. Демек, Құрық порты болашақта қуаты Ақтау портынан асып түспесе кем болмайтын  көліктік орталықтардың бірі болады деп сеніммен айтуға болады.  Уақыт өте келе дамыған портта мұнай және құрғақ жүктердің паромы, мұнай терминалы, кеме жөндеу және жасау зауыттары, теңіздегі операцияларды қолдау базасы, мұнай-газ зауыты, мұнай-химия кәсіпорны, тағысын тағы нысандар салынуы жобаланады.  Қазіргі таңда кеме жөндеу және жасау зауыттарына қатысты жоба мен Боржақты-Ерсай темір жолын салу жобасы, сондай-ақ теңіз операция­ларын қолдау жобалары басымдыққа ие болып отыр екен.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жа­саған жұмыс сапары барысында Ақтау портын кеңейту жобасының жү­зеге асырылуымен танысып, «Боржақты – Ерсай» жаңа темір жолының құрылысын бастауға рұқсат берген болатын. 

Сапар барысында Елбасы алдымен Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын жүзеге асыру барысымен та­нысты. Порттың еңбек ұжымымен кезде­сіп, Қазақстанның теңіз қақпасы ретіндегі маңызы өсе беретін портқа мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. 

«Менің тапсырмам бойынша, Ақтау теңіз портының жүк өткізу қуаты 12,5 миллионнан 16 миллион тоннаға дейін ұлғайтылды. Ал 2020 жылға қарай оның көлемі жылына 22 миллион тоннаға дейін жеткізілетін болады, яғни екі еседей артады. Барлық бағытта жұ­мыс істейді. Бізде Ақтау порты арқылы экс­порттық әлеует үлкен. Мәселен, Баку ар­қы­лы Кавказ жүктері, контейнерлер тасы­­мал­данады. Иран жыл сайын 6 миллион тонна астық сатып алуға дайын. Олармен осы және басқа да салаларда қол жеткі­зілген келісімдер сыртқы нарықтарға шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Елбасы Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы алдында Каспий теңізіндегі порттың, транскаспийлік ба­ғыттың, Маңғыстау облысының көлік то­рабы инфрақұрылымын дамыту тура­лы баяндалды. Қазіргі таңда Ақтау портының жүк өткізу әлеуетін күшейту үшін тағы үш құрғақ жүк терминалдарының құрылысы жүргізілуде. Ақтау портын 22 га дейін ке­ңейту жобасында қуаттылықтары жылына 1,5 млн. тонна болатын астық терминалын және негізгі жүктер мен контейнерлік жүк­терге арналған екі терминал салу арқылы жөнелтілетін жүктердің жалпы көлемін жылына 19,5 млн. тоннаға жеткізу көзделген. Жалпы құны 38 млрд. теңге болатын жоба­ның 1-ші кезеңін 2014 жыл­дың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ сапар барысында Нұр­сұлтан Әбішұлы «Ақтау халықаралық-теңіз-сауда порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Caspian Offshore and Marine Construction» («COMC») ЖШС-да болды. Елбасына «KMG Drilling & Services» ЖШС үшін тұрғызылып жатқан Қазақстандағы тұңғыш өзі кө­терілетін бұрғылау қондырғысы та­ныстырылды. Жоба бойынша жұмыс 2012 жылдың шілде айында басталған. 

«Caspian Offshore and Marine Construction» – «Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты» арнайы экономикалық аймағында жұ­мысын табысты жүргізіп отырған ком­паниялардың бірі. Аталмыш компания 2013 жылдың 12 наурызында құрылған. Кәсіп­орын құрылғыларды, мұнай-газ өнеркәсібіне арналған өнді­рістік қондырғыларды құрумен және құрылысын жүргізумен, кеме жасаумен, жөндеу және техникалық қызмет көрсе­тумен айналысады. Кемежай инфрақұ­рылымының дамуына жұмсалған инвес­тицияның жалпы көлемі 2004 жылдан бері 100 миллион АҚШ долларын құраған зауытта маңғыстаулық 548 адам еңбек етеді. 

Айта кеткен жөн, компания 2005-2011 жылдар аралығында 60 мың тонна металл құрылғыларын өндірген. Атап айтқанда, «AGIP KCO» компаниясының тапсы­ры­сы­мен Қашаған кен орнының 1-сатысын иге­руге арналған құбырлық эстакада мен тасы­малдаушы баржалар осы жерден да­йын­далған. 

Аймаққа сапары барысында Елбасы облыс орталығынан телекөпір арқылы «Боржақты – Ерсай» жаңа темір жолының құрылысын іске қосты. 

«Боржақты – Ерсай» жаңа жолының арқасында теңіз портын және паромдық кешен және сонымен қатар жаңа өндіріс­тердің қарқынды дамуына жағдай жасалады. Жаңа өндірістердің қатарында кеме жасау және жөндеу темір конструк­циялар жасай­тын және бірқатар мұнай өндіру саласына қа­жетті өндірістер бар», – дейді «Қазақстан те­мір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин.

Осылайша, Маңғыстауда биылғы жылы тағы бір маңызды темір жол құры­лысы жұ­мысын бастады. Алдыңғы екі жоба Өзен – Түркіменстан мен Бейнеу – Жезқазған темір жолдарындай тым ұзын болмағанымен, маңыздылығы олардан ешбір кем емес «Боржақты – Ерсай» темір жолы арқылы түбекте екінші жаңа порт пайда болады. Тарихи сәтке куә болған көпшілік бірін-бірі құттықтап, жаңа жолдың құрылыс жұмысына сәттілік тілеп жатты.

«Теңізге шығатын жол жоқ елдер қата­рына жататын, жалғыз ғана Ақтау портына ие Қазақстан үшін бұл үлкен мүмкіндік екенін атап өткен жөн. «Боржақты – Ерсай» темір жол желісінің құрылысына 9 мил­лиардттан астам қаржы қарас­ты­рылған. Темір жол бойында Ерсай, Боржақты деп аталатын екі бекет пайда болады. Бекет­тердің әрқайсында үш жол, ВОЛС, СИРДП жүйесі, ЭЦ посты, СЦБ, автоб­ло­кировкалау жүйесі салынады. Сонымен қатар Ерсайдан жұмысшылар үшін екі бөлмелі тұрғын үйлер тұрғы­зылады. Темір жол құрылысы қысқа мер­зімде аяқталады деген сенімдеміз. Жұ­мысқа тек жергілікті мамандарды қабыл­дайтын боламыз. Жұмыстың бірінші кезеңі жылдың аяғына дейін аяқталады, яғни жол салынып болып, пойыздар жүре бастайды. Қалған жұмыстар жалғасын табады» дейді «Қа­зақстан темір жолы» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық жол бөлімінің директоры Наж­меден Губашев. 

Соңғы бес жылдың ішінде облыстың теңіз порты және темір жолын дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 200 млрд теңгені құраған. Осы темір жол арқылы Құрық теңіз порты мен оның айналасында жаңа өндіріс орындарын дамытуға жағдай жасалады. Жаңа өндірістердің қатарында кеме жасау және өңдеу, индустриялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындар болады. Жобалар толық жүзеге асырыл­ғанда мұнда 4000-нан астам адам жұ­мыспен қамтылады деп жоспарланған.

Сондай-ақ болашақта «Арқалық – Шұбаркөл», «Жезқазған – Бейнеу» те­мір жол желілерінің іске қосылуымен, сондай-ақ «Қорғас –Шығыс қақпасы» ЕЭА дамуымен Каспий маңы өңірінің көліктік инфрақұ­рылымының дамуын талап ететін «Кытай –Еуропа», «Қытай –Парсы аймағы елдері», «Қытай –Иран» жаңа логистикалық тіз­бектері құрылады деп жоспарланған. 

Айта кетейік, осыдан 110 жыл бұрын бірінші ірі транзиттік теміржол телімі біздің елдің аумағында пайдалануға беріліп, Қазақ еліндегі теміржол тарихы бастау алды. Содан бері жылдан жылға, шақырымнан шақырымға, тоннадан тоннаға жеткізіп, тасымалданған жүктерімен бел асқан шойын жол өз қызметін адал атқарып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, теміржол ел экономикасының «күретамыры».

Өткен 110 жылда болат жол еңбеккерлерінің алтын қолымен, қарымды қабілетімен көп жұмыс атқарылды.  Демек, бүгін де, ертең де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ешқандай көлік түрі бұған дейін де, таяу болашақта да Қазақстан үшін теміржолдай маңызды бола алмайды», деген сөзі өз мәнін жоймайды.

Ұзындығы 1668 шақырымды құрайтын Орынбор–Ташкент шойын жол алыбы 1906 жылы ғаламат ара қашықтықты құрайтын еуропалық Ресей мен Орталық Азияны жалғап жатты.Сөйтіп, ол өзі өткен өңірлерге керемет даму серпінін беріп, Қазақ даласына түпкілікті өзгеріс әкелді. Алып теміржол магистралі пайдалануға берілген соң халқымыздың тұрмыс салты, менталитеті, сондай-ақ, экономикалық өсімі түбегейлі өзгерді деуге негіз бар.

Былай қарағанда, отар­баның алғашқы ащы дауысы шыққаннан-ақ қазақ даласында өндіріс ошақтары құрыла бастады. Үлкен экспорттық мүмкіндіктер мен аграрлық сала дамып, жер игерілді. Ұлттық білімді инженер мамандардың буыны қалыптасты. Бұлармен қоса, Қазақ елінің Еуропа мен Азия елдерінің көпшілігімен гуманитарлық байланысы орнады.

Біздің елдегі теміржолдың 110 жылдық тарихында көптеген оқиғалар орын алды. Теміржол рельстерімен 1930-жылдары Кеңес Одағының индустрияландыруы өтсе, бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­шылы­ғымен заманға сай жаңа үдемелі индустрияландыру шарасы жүріп жатыр.

Біздің халық шойын жолмен Ұлы Отан соғысында жеңіске қол жеткізді. Себебі, сол жылдары теміржол тамыр­ларымен Қазақ елінің азық-түлігі соғыс даласына қарай ағылып жатты. Еліміздегі ірі өндіріс орындарын теміржолымыз бейне-бір қуатты қолдарымен тұтыну­шылармен тығыз байланыс­тырды.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Қазақ темір­жолының технологиясы, стансалары мен әрбір телімі үнемі даму үстінде болды. 1913-1917 жылдары Челябі–Троицк–Қостанай теміржолдары салынды. Алтай мен Семейді жалғаған теміржол желісі де 1913 жылы тартылды. Ал 1922 жылы Петропавл–Көкшетау теміржолы төселіп, кейіннен ол Ақмола мен Павлодар–Құландыға дейін ұзартылды.

Осы арада 1926-1930 жылдары құрылысы жүргізілген атақты Түрксіб теміржолын назардан тыс қалдыруға болмайды. Оның жалпы ұзындығы 1500 шақырымға созылып жатса, кірме жолдарын қоса есептегенде 2000 шақырымнан асып жығылатын.

Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері теміржол көлігі мемлекет экономикасының драйверіне айналды.

Соңғы 5 жылда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ индустрияландыру бойынша көшбасшы болып, Қазақстанда 4 бірдей замана талабына сай ірі зауыттарды іске қосты. Олар – вагон жасау, локомотив құрастыру, рельс шығаратын кәсіпорындар. Бұлармен қатар, салаға қатысы бар ондаған цехтарды жаңғыртып іске қосты. Оның ішінде вагон құятын және қосалқы бөлшектер жасайтын өндіріс ошақтары бар.

Ұлттық компания транзиттік мүмкіндіктерді кеңейте отырып, соңғы 5 жылда стратегиялық маңызы өте жоғары төрт бірдей теміржол желісін тартты. Олардың жалпы ұзындығы 1641 шақырымға жетіп жатыр.

Жетіген–Алтынкөл жолы Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші байланыс теміржолы болса да, таяу жылдары пойыз өткізу тұрғысында Достық–Алашаңқай деңгейіне жетеді деген сенім бар.

Ал, Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара теміржол желісі Қазақстан арқылы Парсы шығанағына шығатын халықаралық тамаша үйлесім тапқан жол болып отыр.

Таяу уақытта Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарының тұрғындар сирек қоныстанған аудандары арқылы өтетін Жезқазған–Сексеуіл және Арқалық–Шұбаркөл теміржол желілері іске қосылып, пайдалануға беріледі. Олар төтелей тартып, шығыс пен батысты жалғайды. Сөйтіп, оңтүстік пен солтүстік өңірлердің дамуына серпін береді. Сондай-ақ, Қазақ елінің транзиттік әлеуетін одан сайын күшейте түседі. Себебі, ол жолдар Азия-Еуропа аралығындағы еліміз арқылы өтетін жолдарды мың шақырымға дейін қысқартады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ экономикалық бағытты алға жылжытушы локомотив ретінде көліктік-логистиканы басқаруына алып, болашаққа сүйреп келеді.

Бүгінде бұл компанияның басқаруына еліміздің 11 әуе айлағы, су нысандары мен автокөлік кешендері беріліп, логистикалық тізбек құру ісі жүзеге асырылып жатыр. Қытай елінің Ляньюньган портында көліктік-логистикалық терминал салынуда. Сөйтіп, көрші елдің солтүстігі мен орталығындағы өңірлермен тығыз байланыс, әріптестік орнатылуда. Аталған аймақтар жөнелтер жүгінің айтарлықтай бөлігін Қазақстан тарабына бұрмақ. Сондай-ақ, ел ішінде және шетелде көліктік-логистикалық орталықтардың желілері құрылуда. Бүгінде Алматы облысының Қытаймен шекарасында «құрғақ порт» құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жолаушылар тасымалдау ісі де назардан тыс қалмауда. Оның айқын көрінісі өткен жылы теміржолдың қызметін 20 млн. адам пайдаланыпты.

Отандық «Тұлпар-Тальго» зауытының вагондары негізінде жаңа бағыттар жасақталып, соның арқасында «ҚТЖ» ҰК» АҚ жоғары жылдамдықты жолаушылар бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұрнағы жылы «Алматы–Петропавл» пойызы оңтүстік пен солтүстікті жалғаса, былтыр оның қатарын «Астана–Атырау», «Алматы–Атырау» пойыздары толықтырды. Ал, биыл тағы 5 пойыз жолға шығады. Олар, Астана–Қызылорда, Алматы–Ақтөбе, Астана–Өскемен, Алматы–Өскемен, Алматы–Атырау бағыттарындағы жүрдек пойыздар болмақ.

 

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар