Ресейде бүгін Росгвардия сарбаздарына шабуыл жасаған 4 адамның да көзі жойылды деп хабарлайды РИА Новости. Олар бұған дейін 4 сәуірде полицейлерді атып өлтірген болатын.
Росгвардия өкілдерінің мәліметінше, 1996 жылғы Рамзан Кукулаев әскерилерге шабуыл жасау кезінде бірінші болып оққа ұшқан. Осы қақтығыс кезінде басты күдіктілердің бірі қазақ Нұрбол Саспанов ауыр жараланыпты. Көп ұзамай ол да көз жұмған. Ал, арнайы операция барысында құқық қорғаушылар қалған екі күдіктіні қоршауға алып, атып өлтірген. Әзірге қаза тапқандардың аты-жөндері ресми жарияланған жоқ.
Атыс кезінде Росгвардияның үш сарбазының жараланғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Олардың бірі ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген.
Еске салайық, 4 сәуір күні түнде Астрахань қаласының шетінде Газель микроавтобусын мінген бірнеше ер азамат жол патрульді полициясының екі қызметкерін атып өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытқан болатын. Ресей Тергеу комитеті бұл іске Қазақстан тумаларының қатысы бар екенін айтып, 8 адамға іздеу жариялады. Қазір олардың төртеуі тірідей ұсталса, қалған төртеуінің көзі бүгін жойылған. Дегенмен, ұсталғандардың екеуі аталған қылмысқа қатыстары жоқ екенін айтып, дәлелдерін алға тартуда.