Санкт-Петербургте лаңкестік жасап, өзін жарып жіберген қырғыз Акбаржан Жалиловты сыбайластары "тірі бомба" ретінде пайдаланған болуы мүмкін. Ресейлік тергеушілер қазір осындай болжам жасап отыр деп жазады "Интерфакс-Қазақстан".
Тергеу кезінде анықталған бірқатар деректер көрсеткендей, Акбаржан өзін жаруды жоспарламаған болуы ықтимал. Ол тек метроның бірнеше жеріне жарылғыш заттарын орналастырып, оқиға орнынан қашып кетуі керек болған. Алайда, сыбайластары өзгеше жоспарлап, оны жанкешті ретінде пайдаланған дейді ақпараттық портал тілшілері құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасап.
"Метро вагонында жарылғыш зат іске қосылғаннан кейін метрополитенде дүрбелең болып, адамдар қаша бастағанда екінші бомбаны іске өоспақ болған. Бұл өз кезегінде құрбандар санын одан сайын арттыратын еді", - дейді дереккөз.
Бірнеше сараптаманың қорытындысы Джалиловтың жанкешті еместігін көрсеткен.
"Ол радикалды топтарға жақында ғана қосылған. Ал, жанкештіні дайындау өте ұзақ уақытты қажет етеді. Соған қарағанда, Акбаржанның тапсырмасы қолдан жарылғыш зат жасап, оны метроға орналастыру ғана болған. Бомбаны ұялы телефон арқылы қашықтықтан жару жоспарланған", - деп сөзін түйді сұхбат берген тергеушілердің бірі.
Естеріңізге салайық, Санкт-Петербургтегі теракт 3 сәуір күні орын алған болатын. Метродағы жарылыс салдарынан 14 адам қаза тауып, 50-ден астамы жараланды. Көз жұмғандардың қатарында Қазақстан азаматы да бар.