$ 447.4  477.55  4.76

Н.Назарбаев ел дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ қазақстандыққа салтанатты түрде мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды Bnews.kz.

«Біз тәуелсіздігіміздің 23 жылы ішінде қыруар шаруаны атқардық. Біз мемлекетті құрдық, экономиканы түзеттік, Қазақстанды дүниежүзіне белгілі еттік. Әлеуметтік жағдай, білім беру, ғылым, өнерде көптеген жетістіктерге жеттік. Алға қойған мақсаттарымызды орындап келе жатырмыз. Мұның бәрін жасаған біздің халық, осының бәріне ел азаматтарының ерен еңбегінің арқасында жеттік. Сіздер бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыруға атсалысып келесіздер. Сондықтан бүгін өздеріңізге тапсырылатын мемлекеттік наградалардың маңызы өте зор», – деді Н.Назарбаев. 

Елбасы бұл марапаттың ел дамуына үлес қосқан қазақстандықтардың еңбектеріне берілген мемлекеттің бағасы екенін атап өтті. 

«Қазақстан бойынша мың жарым адам марапатталып отыр. Оның бәріне тапсыра алмаймын, өзгелеріне менің атымнан табысталатын болады. Біз еңбегімен ерекшеленген азаматтарды лайықты бағаладық деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы. 

Президент «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын елді әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваға тапсырды. 

«Айман өзінің өнері арқылы халқымызды әлемге танытты. Көп мемлекеттер Айманды қошеметпен қарсы алды. Өнерді шебер меңгеріп қана қоймай, қайраткерлігімен де көзге түсті. Мен Астананы осында ауыстырған кезде, «Осы жерде де консерватория ашып, жастарды тәрбилеуге қайсыларың барасың?» дегенде, екі адамның бірі болып Айман қыста осында келген болатын», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

«Отан» ордені «Қазақстан Халық Банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александар Павлов, Қарағанды облысының «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырылды.

Елбасы І дәрежелі «Барыс» орденін «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ЗТБ төрағасы Тимур Құлыбаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, Қазақстан Президентінің Іс басқарушысы Абай Бисембаев, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС директоры Сейітхан Жошыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, ал ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының бас ғылыми қызметкері Аманжол Қошанов пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа табыс етті. 

«Парасат» орденіне «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, композитор Кеңес Дүйсекеев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Болат Көмеков ие болды. 

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов І дәрежелі «Достық» орденіне, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов ІІ дәрежелі «Достық» орденіне лайық деп танылды. 

Елбасы «Құрмет» орденін табыстағандар қатарында Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Рымкеш Омарханова, Жоғарғы Сот судьясы Қалидула Шаухаров Ақмола облысының «Хлебороб» ЖШС бригадирі Сейіл Әбдікәрімов бар. 

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ақын, «Простор» журналының бас редакторы Валерий Михайловқа берілді. 

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

І дәрежелі «Даңқ» орденіне ие болғандардың қатарында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров бар. 


Өз кезегінде марапатталғандар Елбасына осындай жоғары құрмет үшін зор алғыстарын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары