$ 444.22  476.38  4.82

Қарағандыда Тәуелсіздік мерекесі жалпы халықтық дәрежеде тойланбаған

Қарағандыда  Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар өтпеді. Мерекені атап өту үшін Тәуелсіздік стелласына жиналған қарағандылықтар бос алаңды көріп, меселі қайтты, деп хабарлайды BNews.kz .

40 жыл ұстаздық еткен Нарымбаева Раушан облыс әкімдігі алдындағы Тәуелсіздік алаңына арнайы келді. Ұлы Отан соғысы ардагерінің қызы ата-анасы армандаған Тәуелсіздік күні Қарағандыда елеусіз қалды деп есептейді. 

«Үйде немеремді бағып отырмын. 16-17 Тәуелсіздік күні ғой деп балаларым әдейі көңіліңді көтеріп кел деп жіберген. Осыдан 2 жыл бұрын сахна орнатып, концерт ұйымдастырылған еді. Шахтинск, Саран қалаларының Мәдениет үйлері, студенттер концерт қойған. Бүгін жым-жырт. Қайда не болатынын ешкім білмейді. Не нәрсе бұл? Кеше теледидардан Елбасымыздың құттықтауын тыңдадық, марапаттап жатыр, өзі бірге тойлап жатыр. Соны көріп, көңіліміз марқайды. Енді қалаға «живой» концерт көрсек деп шықтық. Концерт жоқ, жиналыс та жоқ. Кеше түнде Мәдениет сарайында өтті дейді. Жас емеспіз кештетіп жүретін, зейнеткерміз. Адамдарға деген қамқорлық, жанашырлық қайда? 40 жылғы еңбегіміз бағаланбай ма, концерт көрмейміз бе?», ‒ дейді Қарағанды тұрғыны Раушан Нарымбаева. 

Мерекелік салтанат көрем деп келген зейнеткер бос алаңды айналшықтап үйіне қайтты. 

Осы алаңға бүгін желтоқсандықтар мен қаланың белсенді азаматтары да бас қосты. Еліміздің қастерлі мерекесін атап өтуге келген бір топ азамат Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қойды. 

7 рет қажылыққа барған ғалым, қайраткер Айтқожа Фазылов Тәуелсіздік үшін құрбан болған барша қазақ азаматтарына бағыштап құран оқыды. 

«Қарағанды облысы әкімшілігінің алдында тігілген бас шыршаны Тәуелсіздік күнінен кейін де орнатуға болар еді», ‒ дейді Айтқожа Фазылов.

«Қараңыздаршы, Қарағанды деген облыс орталығында мейрам дегеннің белгісі бар ма? Алдымызда шырша ғана тұр. Көшеде адам жоқ. Көше безендірілмеген. Тастан салынған қаланың туған күнін, кім болса соның туған күнін марапаттауға сұмдықпыз. Ат шаптырып, той жасап, киіз үй құрамыз. Ең басты мейрамымыз – Тәуелсіздіктің түрі мынау. Тәуелсіздіктен бір күннен кейін мына шыршаны қойса да, ештеме етпес еді ғой. Шырша дегенің біздің мемлекетке ешқандай қатысы жоқ. Бұл «Рождественский елка» деп аталады. Бұл Христостың туған күніне қойылған шырша. Мен шыршаға қарсы емеспін. Осы 16-17-нен кейін қойса, тойдан қалып қоя ма? Қарағандыны түнде араладым, күндіз араладым. Ішім жылап тұр, Тәуелсіздікті жергілікті әкім, жергілікті биліктің төмен түсіргеніне», ‒ дейді Айтқожа ақсақал. 

Қарағандылықтар Тәуелсіздіктің Жаңа жыл мейрамының тасасында қалғанына наразы. Ертең жергілікті билік Тәуелсіздік алаңында Бас шыршаның жұлдызын жағып, Аяз аталар мен Ақшақарлар парадын ұйымдастырмақ. Қарағанды шаһарынан Тәуелсіздік күнімен құттықтаған белгілерді таппағанымызбен, Жаңа жылды бейнелейтін мүсіндер, шыршалар мен құттықтауларға қаражаттың жеткілікті бөлінгеніне куә болдық. 

Тәуелсіздік тек мейрам ғана емес, азаттықты аңсаған ата-бабаларымызды еске алатын күн дейді қалалық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы, ақын Жанат Жаңқаш. Бүгін бір топ жас бас мешітке барып, азаттықты көре алмай, боздақтарға арнап құран оқыды. «Сүйінші» монументінде «Қара бауыр қасқалдақ» пен «Желтоқсан желі» әндерін орындады.

«Махамбет-Кенесарыдан бастап, 1986 жылғы көтеріліске шыққан оғландарымызға бағыштадық. Екі әнді шырқадық. «Желтоқсан желі» әні Алматы алаңын еске түсіреді. Алматы алаңы ұлттық рухтың жарылысы болған жер. Осы екі ән «Елім-ай» секілді халқымыздың қасіретін көрсететін әндер. Неге екенін білмеймін ұмтылып барады. Меніңше, бұл әндер жаһандануға қарсы ұлттық иммунитет болды», ‒ дейді Ж.Жаңқаш.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қарағандыда бас шырша Тәуелсіздік күнінен кейін орнатылған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары