$ 448.89  477.93  4.76

Алматылықтар «Желтоқсан оқиғасы» құрбандарын еске алды

Бүгін – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы басталған күн. Осыған орай Алматыда    қарапайым халық пен қоғамдық белсенділер Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу рәсімін өткізіп, ас берді, деп хабарлайды «Азаттық радиосы».

Желтоқсан құрбандары құрметіне тұрғызылған «Бостандық таңы» ескерткіші маңына жиналған ондаған адамдар ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар 1986 жылы 17 желтоқсанда сол кездегі Брежнев (Қазіргі Республика алаңы ‒ ред.) алаңына шыққан қазақ жастары шырқаған, кейіннен өзгертіліп Қазақстан гимніне айналған «Менің Қазақстаным» әнін шырқады. Оқиға салдарынан қаза тапқан Ләззат Асанова, Ербол Cыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова және Қайрат Рысқұлбековтің аруағына дұға бағышталып, Құран оқылды. Соңынан ас берілді.

Желтоқсан құрбандарын еске алу рәсімін полиция бақылап тұрған. Ескерткіш көш қиылысына қойылғандықтан, көше қозғалысы да жартылай шектелді.

Естеріңізге сала кетейік, 1986 жылы 16 желтоқсанда сол кездегі Қазақ ССР Компартиясы Орталық комитетінің шұғыл пленумы өтіп, бірінші хатшы Дінмұхаммед Қонаев қызметтен алынып, орнына Ресейдің Ульянов обкомының бірінші хатшысы қызметінде жүрген Геннадий Колбин тағайындалды.​ Алматыда қазақ жастары бұған наразылық танытып 17-18 желтоқсан күндері сол кездегі Брежнев алаңына  жиналды. Алайда қарулы әскер жиынды күшпен таратып, соңы басып-жаныштауға ұласты.  Наразылық басқа да қалаларда болған.

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін совет билігі көптеген адамды қуғын-сүргінге салды. 99 адам әртүрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді.  

Бұл шеру Қазақстан тарихында  «Желтоқсан оқиғасы» деген атаумен қалды.

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары