Өткен жексенбіде әкеcі 11 жастағы қызын балталап, әйелін ауыр жарақаттаған. Содан кейін бесінші қабаттан секіріп кеткен. «Диапазон» газеті оның 47 жастағы Серік Байарыстанов екенін анықтады. Ол – слесарь болып жұмыс істеген.
Оның әйелі асханада жұмыс істейді. Олардың төрт баласы болған: екі ұлы және екі қызы. Үлкен қызы – студент, Рудный қаласында оқиды.
Бұл отбасының қайғысы туралы көптеген әңгіме тараған болатын. Бесінші қабаттан секіріп өлген Байарыстановтың 21 жастағы қызы мен әйелінің сіңлісі сол күні олардың үйінде не болғанын айтып берді.
«Анжела өте жақсы қыз еді, оқуға деген ынтасы бар болатын, – дейді Серік Байарыстановтың әйелінің сіңлісі. – Отбасында да бәрі жақсы еді, екеуі де жұмыс істейтін. Сол күні олардың ұрысып қалуы туралы әңгіме жалған. Жанна түнгі ауысымнан келіп, ұйықтап жатты. 18 жастағы баласы моншаға кетті. Серік Анжелаға ақша беріп, дүкенге жұмсады. Содан кейін әпкеме балта ала жүгірді, ұйықтап жатқан кезінде ұрды. Сол кезде Анжела келіп қалған шығар, ол қашып кеткісі келген, себебі есіктің тұтқасы жұлынған еді. Серік көрші тұрған бес қабатты үйдің маңынан өлі күйінде табылды. Мойнына кабель оралыпты. Ол асылып өлгісі келген болуы керек, бірақ ол құлап кетті. Мәйітті тексерген дәрігерлер оның бауыры шіріп кеткенін айтты. Оны біреулер сектаға барып жүрді деді. Олай емес, Хромтауда ешқандай да секта жоқ. Мұндай әрекетке не үшін барды?! Түсінбейміз. Әпкем комадан шықты, бірақ ол да ештеңе түсіндіріп бере алмайды деп ойлаймын».
«Әкем соңғы жарты жылда ішімдік ішпеді, соңғы екі күнде ол демалды, – дейді 21 жастағы қызы Айгүл. – Қаншама өтірік әңгіме тарағанда қатты қиналдық. Сол үшін түсіндіргіміз келеді, осыны оқығандар шын мәнінде қалай болғанын білсін және тарап жатқан өсекке сенбесін».
«Эврика» газетінің хабарлауынша, оқиға шамамен түскі сағат үште болған. Күйеуі таңертеңгі ауысымнан келіп, түсте тұрған соң баласынан қайда кетіп бара жатқанын сұрайды. 16 жастағы жігіт досымен бірге моншаға баратынын айтып, әкесінен рұқсат сұраған. Содан кейін ақша алып, пәтерден шығып кетеді. Бірақ моншаға жетпей оған әкесі қоңырау шалып, туғандарын өлтіргенін және тезірек үйге қайтуын сұрайды. Әкесі бұл туралы көршісіне де айтып, жедел жәрдем шақыруды сұраған.
«Болған оқиға біз үшін – орны толмас қайғы, – дейді қайтыс болған қыздың сынып жетекшісі Тұрсын Ержанова. – Бұл жағдайды ұмыта алмаймыз, сенгіміз келмейді... Анжеланың әкесін мен білемін – ол қызын күн сайын алып келіп, алып кетіп жүретін».