$ 444.22  476.38  4.82

«Миланның» экс-футболшысы Қазақстанның намысын қорғамақ

Италияның «Милан» клубында өнер көрсеткен 22 жастағы жартылай қорғаушы Александр Меркель келесі жылы Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғауы мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz.

Футболшының жеке агенті қазіргі кезде Қазақстан футбол федерациясымен келісімшарт жүргізіп жатқан көрінеді. ФИФА ережесі бойынша Меркельдің Қазақстан намысын қорғауына әбден болады.

Александр Меркель 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Кеңес өкіметі кезінде «Қайрат» футбол клубының сапында ойнаған. Кейіннен 1998 жылы тарихи отаны Германияға көшіп кеткен екен. Ол жақта Александр «Штугарттың» футбол академиясында тәлім алды. Германияның жасөспірімдер және жастар құрамасына шақырылып та жүрген. Италияның «Милан», «Удинезе», «Дженоа» клубтарында және ағылшынның «Уотфорд» командасында өнер көрсеткен. Қазіргі кезде Швейцарияның «Грассхоппер» футбол клубының намысын қорғап жүр.

Футболшы осыған дейін Германия құрамасынан шақырту аламын ба деп үміттеніп келген еді. Алайда, ол арманының енді орындалмайтынын түсінген секілді. Сондықтан, өзі дүниеге келген Қазақстанның намысын қорғауға қарсы емес. Ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Красножан мұндай талантты футболшыларды шақырудан үмітті екенін бірнеше рет айтқан болатын. Сол себепті мұндай ұсынысқа оның да қуана келісетіні анық.

Айта кетейік, Қазақстан 2015 жылдың наурыз айында Алматыда Исландияға қарсы өткізеді. Осы матчта Меркель жасыл алаңға шығуы мүмкін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары