"Халық банк" пен Qazkom-ның бірігетіні туралы ақпарат былтыр пайда болған еді. Алайда, бүгін журналистермен брифинг өткізген "Халық банктің" басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова екі банктің бірікпейтінін, тек келіссөз сәтті аяқталса Qazkom-ды сатып алатыны туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін әлі нақты шешім қабылданбаған. Келіссөздер жүріп жатқанымен, қол қойылған бірде-бір құжат жоқ. Бірақ, нақты ақпарат жуырда пайда болады.
"Процестің негізгі бөлігін біз аяқтадық. Қазір кейбір сандарды нақтылап жатырмыз. Процестің өзі өте қиын, көп еңбекті қажет етті. Екіжақты жұмысқа мемлекеттік органдар, сыртқы кеңесшілер, аудиторлар, инвест-банкирлер тартылды. Сондай-ақ, келіссөздерге Ұлттық банк те араласып отыр. Біз процесті одан әрі жалғастырып, нәтижесі қандай болатынын бақылаймыз", - деді Ү.Шаяхметова.
Оның айтуынша, егер келіссөздер сәтті аяқталса Qazkom жойылып кетпейді, тек "Халық банктің" құрамындағы еншілес банк ретінде қызметін жалғастыра беретін болады.
"Біз мамыр айының соңына қарай нақты мерзім туралы айта аламыз. Бірақ, келіссөздер көп қиындықтар тудырды, әліге дейін жауабын алмаған сұрақтарымыз бар", - деп атап өтті "Халық банктің" басшысы баспасөз мәжілісі барысында.