Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына қатысып, шейіт болған бабалар рухыа тағзым етті деп жазады Қазақпарат.
«Ашылғалы отырған ескерткіш өскелең ұрпақтың, жазықсыз шейіт болған ата-бабамыздың рухына бас иіп, тəуелсіздігіміздің баға жетпес байлық екендігін ұғындыра білетін киелі орын болары сөзсіз. Елбасының тарсырмасымен өткен жылы осы ескерткішті салуға байқау жариялаған едік. Оған жалпы саны 21 жоба арнайы мамандардың талқылауынан өтті. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғаруымен баласын кеудесіне қысқан ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Ана - бар тіршіліктің қайнар көзі, келешек кепілі. Ана қасіреті - ел қасіреті. Аштықтан бұратылған болашағын, сәбиін құшақтаған ана халі сол замандағы өмір мен өлім арасындағы қазақ халқының басынан кешкен тағдырын шынайы бейнелейтіндей», - деді Бауыржан Байбек.
Ескерткіштің авторлары: Қанат Бигулиев, Айдос Бүркітбаев, Дулат Үсембаев. Нысанның биіктігі 3 метр, ол қола мен граниттен құйылған.