$ 444.22  476.38  4.82

Қояндыдағы басып алынған жерлер заңдастырылады – С.Кулагин

Қояндыдағы басып алынған жерлер заңдастырылады. Бұл туралы бүгiн Астанада ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Ақмола облысының әкiмi Сергей Кулагин мәлiм еттi, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Естеріңізге сала кетейiк, биыл Қояндыда заңсыз басып алынған жерлердiң иелерi үйлерiн қалдыруды сұрап, билiк көмегiне жүгiнген болатын.

«Мәселенi шешуде ешкiмнiң өзегiн теппей, дұрыс шешiм табу керек. Қазiр 194 даулы жер телiмi бар. Оның негiзгi бөлiгi осындай жағдайдың туындағанына кiнәлi емес. Дегенмен, оның iшiнде пәтерлерi бар адамдар жер телiмдерiн оның заңсыз екенiн алдын ала бiле тұра басып алғандар да бар. Жер телiмдерiн басып алып, оны сатып, кейiн қайтадан басып алумен айналысқандар да жоқ емес. Соның барлығы зерттеледi және қолдаудан қағылады. Қандайда бiр шешiм қабылдау – өте қиын. Мүмкiн мен бұрын-соңды болмаған шешiм шығарамын», – деген С.Кулагин оның бiрнеше шешiмiн ұсынды.

«Үйлердiң жартысы – мемлекеттiк, жартысы – жеке меншiк жерлерде орналасқан. Менiңше, оларды заңдастыруға баруымыз ықтимал. Екiншiден, iргетасы ғана құйылған жерлердi сүруiмiз мүмкiн. Оларға жеке меншiк жерлерге көшуге ұсыныс жасаймыз. Олар бас жоспарға сәйкес орналасуы тиiс. 194 жер телiмiн қалдыратын боламыз. Бiрақ, басты мәселе – 45 үйдiң мәселесi. Олар бас жоспарға сәйкес салынбаған. Дәл жолдың үстiнде тұр. Яғни ауылға инженерлiк коммуникациялар келмейдi деген сөз. Сондықтан олар бiздiң де жағдайымызды түсiнiп, үйлерiн жылжытулары қажет. Оларға жер телiмдерiн қалдырамыз. Бұл тек 194 жер телiмiнiң мәселесi. Егер 195-шi жер телiмi пайда болса, сотсыз, тергеусiз сүрiп тастаймыз», – дедi облыс әкімі.

Оның айтуынша, даудың ортасында қалған қарапайым халық кiнәлi емес, сондықтан билiк оларға көмектеседi.

«Мәселе өте ауыр және ол бiр күннiң мәселесi емес. Жердi заңсыз басып алу түйткiлi 2007 жылдан берi келе жатыр. Мұнда тек адамдарды кiнәлау дұрыс емес. Басым ретте билiк кiнәлi деп те санаймын. 2007 жылы адамдар сырттан келiп, жер телiмiне қазық қаққан, кейiн iргетасын құйған кезде ауыл әкiмi мен учаскелiк инспектор немұрайлы қараған. Кейiн үй тұрғызылғанда осындай ши шықты», – дедi С. Кулагин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары