$ 498.34  519.72  4.85

Назарбаев пен ЭКСПО туралы сұрақ қойған қырғыз журналисі жұмыссыз қалды

"Супер.kg" порталында жұмыс істеп келген қырғыз журналисі Автандил Добулбеков Алмазбек Атамбаевқа қазақ президенті мен ЭКСПО көрмесі туралы сұрақ қоямын деп жұмыссыз қалды. Бұл туралы 24.kg хабарлап отыр.

Журналист өзінің Facebook-парақшасында шығармашылық демалысқа кеткенін айтып, мұндай қадамға баруға президентке қойған сұрағы себеп болғанын жазған.

"Менің жұмыстан кетуіме расымен де Алмазбек Атамбаевқа Шолпан-Атадағы баспасөз мәжілісінде қойған сауалым себеп болды. Бірақ, мен бұл сауалдан еш кемшілік көріп тұрғаным жоқ. Сұрақ тақырып аясында қойылды. Тек бір түсініспеушілік орын алған болар", - деп жазды Автандил Добулбеков әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал, портал редакциясы болса журналистің не үшін жұмыстан кеткенін айтудан бас тартты.

Еске салайық, А.Добулбеков Атамбаевтан "неге үнемі өз халқыңызға көңіліңіз толмай, өзге елдің президенттерін мақтай бересіз?" деп сұраған болатын. Президенттің "мысал келтір" деген бұйрығына ол Назарбаев пен ЭКСПО туралы Атамбаевтың айтқанын мысалға келтірді. Қырғыз президенті болса ашуға булығып, журналистер ол кезде өзінің сөзін бұрмалағанын алға тартты.

"Құрметті журналистер, менің сөзімді бұрмалағанды мен өте ұнатпаймын. Мен өтірікті жек көремін. Сонда мен өз халқымды жамандап, өзге елдің басшыларын мақтап жүр екенмін ғой? Тіпті, не жауап айтарымды да білмеймін. Жап-жас жігітсің, неге бұлай өтірік айтуға ұялмайсың?", - деген болатын А.Атамбаев Шолпан-Атадағы брифингте.

Айта кетейік, 12 маусым күні Алмазбек Атамбаев ЭКСПО-ны аралап болып, журналистерге сұхбат берген еді. Сұхбатында ол: "Егер Қырғызстан Қазақстан секілді 3 млрд долларға көрме ұйымдастырса қырғыздар мені тірідей өртеп жіберер еді" деді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары